Жаңалықтар

 Амандық Баталов көзіне жас алады деп ойламадық

   width=Елімізге «Айтуға оңай» , «Қарекет» бағдарламалары арқылы танылған журналист Бейсен Құранбектің бұл дүниеден қайтқанына бір жыл уақыт өтіпті. Танымал журналистің дүниеден өткені қазақтың қабырғасын қайыстырды. Өмірден өткеніне бір жылдың жүзі болса да Бейсен ағаның бейнесі көпшіліктің жүрегінде. Осы ретте Бейсен Құранбек жұмыс атқарған «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы журналиске арнап деректі фильм түсірген болатын. Аталмыш туындының басы қасында жүріп, деректі фильмнің жарыққа шығуына ықпал еткен автор-продюссері «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының журналисі Айнұр Омар бүгінгі Таlk-лайық-тың ең алғашқы қонағы ретінде Newsroom.kz сайтына сұқбат берген болатын. - Айнұр ханым, Бейсен Құранбек туралы фильм түсіруге сізге не түрткі болды? - Бейсен Құранбек  - үлкен тұлға. Бейсен Құранбек десек бірден ойымызға «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары түседі. Бірақ ол кісінің журналисттік азаматтық жолы өте тереңде жатыр. Жалпы халыққа танылуына Qazaqstan ұлттық арнасы әсер етті. Деректі фильм ең алдымен Qazaqstan ұлттық арнасының басшылығының тікелей тапсырмасы арқылы түсірілді. Айтуға оңай бағдарламасының продюссері Әлия Құдайбергенмен былтыр қыста кездесіп, осы фильмнің жанры жайында ақыл кеңес сұраған болатынмын. Фильмнің режиссері Гүлім Еркінқызымен бірлесе жұмыс жасадық. Басшылық Бейсен ағамыздың отбасынан да сұқбат алу туралы ой тастаған болатын. Осы ретте Бейсен ағамыздың жолдасына телефон соғудың өзіне жүрегім дауаламады. Ақыры хабарласып сөйлесен кезде ол адамның сондай сабырлы екеніне көзім жетті. Ағамыздың жары жыл өткенге дейін сұқбат бермейтінін айтты. - Фильм түсіру барысында не нәрсе қиындық туғызды, Қандай деректерге сүйендіңіз? - Qazaqstan Ұлттық арнасының Айтуға оңай бағдарламасының алғашқы шығарылымдарынан бастап ол кісімен жақын араласқан әріптестері достарының естеліктеріне сүйендік. Олардың ішінде Серік Әбікенұлы, Досан Қызайбай, Есболат Айдабосын, Айнұр Төлеу, Ерлан Жүніс, Самал Мейрам т.б. бар. Сонымен қатар Санжар Керімбайдың мақаласынан біраз деректер алдық. Түсірілім барысында ерекше бір жағдай басымыздан өтті. Бейсен Құранбек туралы деректі фильм түсіруге туған жеріне бармас бұрын бізді Бейсен ағаның жары қара шаңыраққа қонаққа шақырды. Жетісу арнасынан сұқбат алған күні кешкісін біз сол үйге қонуға бардық. Бізге Бейсен ағамыздың марқұм әжесі ұйықтаған жерге төсек салып берді. Бұл да жеңгеміздің үлкен парасаттылығының белгісі деп білемін.  width= - Деректі фильмде Бейсен ағамыздың бейнесін толықтай аша алдым деп ойлайсыз ба? - Толықтай ашу мүмкін емес. Бейсен ағамыз жан-жақты адам болған ғой. Айкидомен айналысқанының өзіне  10 минут арнауға болады. Өзінің бағдарламаға киетін киіміне шейін көп нәрсе айтуға болады. Ағамыздың эфирден тыс қайырымдылық жасаған адамдары да тым көп. Айналдырған 30 минутқа бұның бәрін сыйғызу мүмкін емес.  width= - Фильмде әкім Амандық Баталовтың көзіне жас алғанын байқадық бұндай жағдайға қатысты не айтар едіңіз? - Негізі әкімді фильмге қосамыз деп жоспарламап едік. Бірақ сол кісінің баспасөз хатшысы Айдар мырза әкімінің сұқбат беруге ниетті екенін айтты. Әкімнің көзіне жас алуы бұл бір күтпеген жайт болды. Кез келген адам мейлі ол әкім болсын Бейсен ағамызды ерекше жақсы көрді. - Бейсен ағаның өмірлік ұстанымдарынан қайсысы өзіңізге жақын? - Ол кісінің әрбір айтқан сөздері, мағыналы өмір сүру туралы ойлары, әжесіне жан-жарына деген құрметі. Екеуара сыйластығы, өмірінің бәрі ғибратқа толы болуы кім үшін де үлгі болары анық. Жеңгеміздің бір әңгімесінде тұлғалық дамуды Бейсен аға екеуі осыдан 10-15 жыл бұрын бастағанын айтқан болатын. Ал біз ол нәрселерлі енді ғана біліп, үйреніп жүрміз. Фильмнен де көрген болсаңыздар өмірінің соңғы кезінде Бейсен ағамыздың медитациямен айналысқаны да үлгі боларлық нәрсе. Адам өзін бұл өмірде жоқ екендей елестетіп көрсе шынайы маңызды нәрселердің не екенін ұғар ма еді? - Тек бір қынжылтатыны - ауруын  дер кезінде емдемегені, адамда бәрі бола тұрып, тек бір нәрсені кем қылады дегені рас екен. Әйтпесе қазір арамызда күліп-ойнап жүрер ме еді.  width= - Қазіргі журналистерге не нәрсе жетіспейді? - Журналисттерді сынауға менің құзыретім жетпейді. Дегенмен журналистерге айтар кеңесім - не жазсаңда жүрекпен жасау керек. Ең бірінші өз-өзіңе сын көзбен қарай білу керек. Кейде жазып қойған нәрсенің бәрін өшіріп, қайтадан бастап жазатын кездер де болады. Өз басым жұмыс істеген кезде монтажер мен операторларға келмей тұрса сөзді қиып тастауға да рұқсат беремін. Командалық жұмыс болған соң әріптестердің де пікіріне құлақ асасың. Телевидения болған соң әсемдік болуы шарт. Дауыс, музыка бәрі үйлесімділік табуы керек. - Алдағы уақытта Сізді телеарнаның қандай бағдарламаларынан көре аламыз? - Қазіргі уақытта «Ғажайып өлке» бағдарламасын жүргізіп жүрмін. Ол бағдарламаның ерекшелігі лайфстайл форматында өтеді. Қайда баратынымыз, не болатыны бізге белгісіз. Сонысымен де қызық. Қазір адамдарға жасандылықтан гөрі шынайы эмоциялар керек. Әңгімеңізге рақмет! https://www.youtube.com/watch?v=fTAVnaLRpsI&t=54s

Сұхбаттасқан Ақнұр САҒАТҚЫЗЫ 

Фотоларды түсірген Әлішер МИШЕЛЕВ