Анна Данченко оразаны алғаш рет ұстаған кезін есіне алды
Танымал журналист Анна Данченко әлеуметтік желіде Рамазан айында алғаш рет ауыз бекіткен кезін есіне алып, жазба жариялады, деп хабарлайды Stan.kz. "Мен алғаш рет Ораза тұтқанда студент едім. Жатақханада группалас-құрбыммен бір бөлмеде тұрдық. Ол Ораза ұстаймын дегенде мен де ниеттеніп, ауыз бекітуге бет бұрдым. Бірақ ұлтым басқа, қалай болар екен деп ойланып қалдым", - деп жазды Instagram-дағы парақшасында журналист. Сөзінше, ертесіне орамал тартып, қалалық мешітке барған. "Ал енді, кімнен қалай сұрарымды білмей тұрып қалдым. Мені байқап қалған Имам қасыма келіп бірнеше сұрақ қойды. Біраз сөйлестік. Есімде бір ғана сөзі қалды "Ниетің болса, жеткілікті. Ұстағалы тұрған Оразаң қабыл болсын",- деді. Солай, Алланың қалауымен Ораза басталды. Күнделікті сабаққа барып жүрдік. Оқу орнындағы студенттердің біразы ауыз бекіткенін естіп, қуанып қалдық", - деді Анна Данченко. Дегенмен, оның жазуынша, ауыз бекіткен студенттердің көбі мұсылмандардың бес парызының бірі саналатын Оразаны, не үшін ұстап жүргендерін түсінбеген. "Тіпті бір қыз:" Күн ұзағынан тамақ ішпеймін, жақсы болды, енді арықтаймын", -дегенде жағамызды ұстадық. Түсіндірмек болып едік, мән бермеді. Іштей "Аллаh пендесін дұрыс жолға салса екен" деп тіледік те, кетіп қалдық. Бір аптадан кейін әлгі қызды қайта көрдік. Түскі уақытта шәй ішіп тұр екен. Таң қалдық. Сөйтсек, денсаулығы сыр беріп, дәрігерге қаралған екен. Маман оған үш мезгіл дәрі ішіп, бес мезгіл тамақтанып жүруін талап етті. Осылайша, жаңағы бикеш ауызын ашып жіберді де, Оразасын тоқтатты", - деп жазды ол. Анна Данченко "қай іс болмасын шын ниетпен бастау алу керек", деп санайды. "Өзгені алдамақ болсаң да, Алланы алдай алмайсын! Достар, Рамазан айы мүбәрак болсын! Дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!", - деп қорытындылады журналист. Ол осы жазбасымен әлеуметтік желі қолданушыларын тамсандырды. "Анна - сен керемет жансың. Алла ғұмырлы етсін өмір жасыңды. Ораза қабыл болсын, Анна кыз", "Алла қабыл етсін. Сізді қатты сыйлаймын. Бақытты болыңыз", "Аумин. Ораза қабыл болсын! Анна жарайсың!", - деп жазды олар