Ауыл тұрғындары медпункт пен мектепті өздері салып жатыр

Ауыл тұрғындары медпункт пен мектепті өздері салып жатыр

ашық дереккөзі

 width= Алматы облысындағы Сарқан ауданы тұрғындары өзекті мәселелерді демеушілердің көмегімен өздері шешуге кірісті. Арнайы қоғамдық қор құрып, ауыл-ауылдарда фельдшерлік пункт пен бастауыш мектеп салуда. Бастама былтыр Кәкімжан Қазыбаев ауылында қолға алынып, биыл 3 елді мекенде жалғасын тауып отыр. Көктемде құрылысы басталған нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне тапысырылмақ. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 300-дей тұрғыны бар Тасқұдық ауылындағы бастауыш мектеп осыдан жарты ғасыр бұрын салынған. Әбден ескіріп, тозығы жеткен ғимаратта қазір 35 оқушы білім алуда. Балалары үшін алаңдаған ата-аналар жаңа оқу ордасының қажеттілігі туралы әкімдікке талай мәрте айтқан екен. Алайда, мәселе тек биыл шешімін тапты. Қоғамдық қор көмегімен ауылда 50 орындық нысанның құрылысы басталды.

«Балалардың жақсы білім алуы үшін осындай үлкен, әрі кабинеттері кең, толыққанды осындай мектеп қажет. Ағаларымыздың қолдауымен, міне, биылғы жылы ауылымызға жаңадан құрылыс жүріп жатыр. Өте қуаныштымыз», - дейді Тасқұдық бастауыш мектебінің меңгерушісі Айжан САДЫҚОВА.
Сарқан ауданына қарасты Еркін ауылында да дәл осындай 50 орындық мектеп салынып жатыр. Қос нысан да жыл соңына дейін қолданысқа берілмек. Ал, Кәкімжан Қазыбаев ауылында былтыр құрылысы басталған бастауыш білім ошағы жақында ашылады. Толығымен дайын тұр. Мектептің бой көтеруіне сонау іргетасын қалаудан бастап, шатырын жабуға дейін ауыл тұрғындары жаппай атсалысқан екен.
«Бітірдік. Линолеумы дайын тұр, паровойларын бір тексеріп алсақ, осыны төсейміз де, сосын өткізіп береміз. Осы каникулда кіргізіп жіберсек пе деп, жоспарлап отырмыз. Көптің күшімен осындай жағдайға жетіп тұрмыз», - дейді Кәкімжан Қазыбаев ауылының тұрғыны Тоқтарбек ТӨЛЕПБЕКОВ.
Сонымен қатар Көкөзек ауылында қоғамдық қор қаржысына фельдшерлік пунктің құрылысы жүріп жатыр. Бұрынғы ғимараты тоқырау жылдары жабылып, құлап қалған екен. Содан бері медбикелер ескі үйдің аядай екі бөлмесінде елге ем-дом жасап келген. Оның ішінде қыс бойы дірдек қағып, тоңып отыратын, - дейді ауылдағылар.
«Жылу жүйесі жасалмаған, жағдай жоқ еді. Бес-алты мейірбике бір бөлмеде отыратын. Аяқ-астынан балтыры сыздап, бас ауырса, баратын жеріміз жоқ болған. Енді, міне, осындай салынып, осыған біз риза болып жатырмыз», - дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Серікқали БАРЛЫҚБАЕВ.
Аудан басшыларының айтуынша, мұндай игі бастама келер жылы да жалғасын таппақ.
«2021 жылы біз Сарқан ауданы, Аққайың ауылында осындай бастауыш мектептің жаңа құрылысын демеушілердің көмегімен салу жоспарланып отыр. Одан жеке тағы үш жобаларымыз бар. Ол қазір қаралуда. Қай ауылға қандай нысан салатынымызды», - дейді Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Жомарт МЫҢБАЕВ.
Жалпы биыл бұл игі бастамаға 80 млн теңгедей қаржы жұмсалмақ. Оның үстіне жергілікті тұрғындардан 20-дан астам адам құрылыс жұмыстарына тартылған. Осылайша, Сарқан өңірі өзекті мәселерді өз күштерімен шешуде.

Жүктелуде...