Түркістан облысы Сайрам ауданында Қасымбек датқа деген ауыл бар. Өзі бір - бақ-дәулеті тасыған берекелі ауыл. Қымыз-қымыран ішкіңіз келе ме - сол ауылдағы Несібелді Құрманхожаеваның шаруа қожалығынан ағарғанның түр-түрін табасыз. Дастарханға тәтті қойғыңыз келсе, сол ауылдағы қыз-келіншектер тапсырыспен тәттінің "тәттісін" пісіріп, үйіңізге дейін жеткізіп береді. Жергілікті алмадан дәм татуды қаласаңыз, төмен бағада "Апорт" пен "Семирянкаға" қолыңыз жете қояды. Біз бүгін сол алма тақырыбын қозғасақ дейміз.
Шымкенттен 5 шақырым жердегі мейманасы тасыған ауылдың тұрғыны Алтай Жаппаров есігінің алдындағы 20 сотық жерге 100 түп алма егіп, өз ауылы мен айналасындағы елді мекендерді алмамен қамтамасыз етіп отыр. Өмірін де, алма бағын да еңбегімен көгерткен ол жеміс ағашын егуді 2002 жылы бастаған екен. Бастапқы екі жылы өсіп-өнуге кеткенін, үшінші жылдан өнім алғанын есепке алсақ, Алтай Жаппаров алма бағының жап-жасыл боп жайқалып тұрғанына 15 жылдан асыпты. Өзінің айтуынша, алма ағашының әр түбі 100-120 кг жеміс береді екен. Бірақ 100 түптің барлығы бірдей жеміс салмайтын көрінеді. 50-і бір жылы, қалған 50-і екінші жылы алмасып өнім береді екен. Біздің кейіпкеріміз есік алдындағы бақты жұмыс санамайды. Тек хобби ретінде айналысады. Негізгі жұмысы басқа. Біз Алтай Жаппаровпен оның кереметтей жап-жасыл желек жамылған алма бағының қақ ортасында, уылжып пісіп, төгілуге шақ қалып тұрған қызыл-жасыл алмаларының көлеңкесінде отырып сұхбаттастық.– Көгертуді, көгергенді көрсем, жаным рахаттанады. Адамның қолы гүл ғой. Тек егу емес, соны баптап, өз уақытымен балаға қарағандай қарап, аялап, суарып, жан-жағын қопсытып, минерал тыңайтқыштар беріп тұрсаңыз, жақсы өнім береді. Кішкентай кезімнен бау өсіруге қызығамын. Бала кезде де есіктің алдында бау бар еді. Өскенде бұдан да үлкен бау-бақшам болады деп армандайтынмын. Сөйтіп, сондай жайқалған әдемі бақ жасауды мақсат еттім. Адамда ниет болса, мақсатына жетеді екен ғой. Әйтпесе, бұл – менің негізгі мамандығым да, жұмысым да емес. Өзім ОҚМУ-дың қаржыгер мамандығын алып шыққанмын. Алайда агрономия саласына қатты қызығамын. Мамандық таңдаудан қателескенімді мойындаймын. Дегенмен жер-жерді аралап, алма өсірудің қыр-сырын зерттей бастадым. Алматыға, одан әрі Қырғызстанға дейін барып келдім. Жан-жақтан жинақтаған тәжірибемнің арқасында нарықтық жағдайға икемделіп жұмыс істеп жатырмын, – дейді Алтай Жаппаров.Алтайдың алма бағында алманың түрі көп. Онда Қырғызстаннан алып келген “Крепсон”, Алматының “Алматинский голден” және “Апорт”, Сарыағаштың “Ронетка” деген тәтті алмалары бар. Жалпы алманың түрі қызыл және ақ болып бөлінеді екен. Ерте, орта және кеш пісетіні тағы бар. Кеш пісетінін қысқа сақтайды. Ерте пісетіні мамырдың аяғында, ортасындағылары тамыздың соңында дайын болады. Бір маусымда үш рет өнім алады. Күздік алмаларды қысқа сақтайды. Бұл алмалар сатқаннан бөлек күтіп-баптауға кеткен шығындарын да жабады екен. Оның алма бағына қызығушылар көп. Қасындағы көршілері де өз ауласын кішігірім баққа айналдырып, жемісін жеп жүрген жағдайы бар. Оның үйіне келген көрші-қолаң, таныс-тамыр сөмкесі бос кетпейді. Алма арқалатып жібереді. Ал өзі осылайша жақын-жуықтың алғысын арқалап жүр. Алманың бағасына келсек, өте қолжетімді. Бағасы қаладағы көтерме сауда базарларынан әлдеқайда төмен. Ол жақтарда 300-400 теңгеден саудаланса, Алтайдың алма бағынан 150-200 теңгеден алып кете бересіз. Бірақ қатып қалған баға жоқ.
Интенсив бауда өсіретін болғандықтан әрі көп мөлшерде субсидия алғандықтан, қаламыздағы ірі алма бауларының жемісі қымбатқа саудаланып жатыр. Ал біздікі өзіміздің есіктің алдында болғандықтан, піскен уақытында өнімді ысырап қылмай, қолжетімді бағада беріп отырамыз, – дейді ол.