Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарып келген Рустам Албаев 14 шілде күні қызметінен кетті. Ол 2020 жылдың 14 сәуірінен бастап Шымкенттің бас дәрігері болып еңбек етіп келген болатын, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі. Рустам Қуанышбекұлы 1978 жылы Көкшетау облысы, Зеренді ауданында туған. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ақмола мемлекеттік медициналық академиясын бітірген, мамандығы дәрігер. Медицина ғылымдарының кандидаты. Жоғары санатты кардиохирург дәрігер. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша Мәскеу қаласындағы А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми-зерттеу институтын тәмамдаған (2007-2010 ж.ж). Еңбек жолын Ақмола облыстық балалар ауруханасында дәрігер-хирург болып бастаған. Зеренді аудандық орталық ауруханасында хирург, 2005-2017 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы орталық жол ауруханасында хирург, Ұлттық ғылыми медициналық орталықта кардиохирург, Алматы қаласындағы медициналық орталықтың кардиохирургия бөлімшесінде аға дәрігер, Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық oрталығының ауруханасы жүрек-қан тамырлары хирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі болып еңбек еткен. 2017 жылдан бастап бүгінге дейін Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының жанындағы № 2 көпсалалы облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарған.
Жүктелуде...