Мақтаарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккен 5 ауылдың 930-ға жуық отбасысы облыстық штаб қоймасындағы азық-түлікпен толық қамтамасыз етіліп отыр деп хабарлайды Newsroom+ ақпараттық агенттігінің тілшісі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Бүгінгі таңда орталық қоймадан бөлек үш қосалқы тарату бөлімшелерінен тұрғындарға қажетті азық-түлік себеттері үлестіріліп берілуде. Бүгін бұл туралы облыстық штаб қоймасының үйлестірушісі, ерікті Бақытжан Әшірбаев мәлім етті. Оның айтуынша, жалпы облыстық штаб қоймасына еліміздің түкпір-түкпірінен 760 тоннаға жуық гуманитарлық көмек яғни азық-түлік жеткізілген. Бүгінгі таңға дейін тұрғындарға соның 557 тоннасы үлестіріліп беріліпті. Ал қазір қоймада 203 тонна негізгі қолданыстағы азық-түлік бар. Бұл шамамен тамыз айының соңына дейін жетеді деп болжануда. «Қазіргі біздің ең басты мақсатымыз – 930 отбасыға қоймадағы қалған азық-түліктерді тамыз айының соңына дейін жеткізу болып отыр. Осы мақсатта біз азық-түлік себеттерін тек сұранысқа сай яғни, ұсыныс арқылы ғана тіркеуден өткізіп ғана үлестіріп беріп отырмыз. Бүгінге дейін азық-түлік үлестіру жұмысында ешқандай дау туындаған жоқ. Халық өздеріне қажетті азық-түлік түрлерін жеткілікті көлемде алып кетіп жатыр»,- дейді Бақытжан Әшірбаев. Азық-түліктен бөлек, су тасқынынан зардап шеккен 3 ауыл яғни Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарының тұрғындарына арналып, Мырзакент маңынан 386 жаңа үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Жаңажол ауыл округіндегі Фирдауси ауылында 314 үй бар болса, соның бүгінде 302-сі компенсацияны толық алыпты. Бүгінгі таңда ауылдағы 314 үйдің 303-і бұзылып, 268-інің іргетасы құйылған. 138 баспананың қабырғасы өріліп, 19 баспананың шатыры жабылып біткен. Қазір ауылдағы құрылыс жұмыстарында 1102 адам еңбек етуде. Ал, Өргебас ауылындағы 195 үйдің 194-інің иелері 17 млн теңгелік компенсацияның 50 пайызына қол жеткізген. Қазіргі таңда 189 үй толық бұзылып, 188 үйдің іргетасы қаланып, 99 баспананың қабырғасы өрілуде. Сондай-ақ, 32 үйдің шатыры жабылып біткен. Мұндағы құрылыс жұмыстарында 694 адам еңбек етіп жатыр.
Жүктелуде...