Түркістан облысының жұртшылығы ауыр қазаға ұшырады. Қоғам қайраткері, мемлекетшіл тұлға, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қосман Қайыртайұлы Айтмұхамбетов 57 жасында дүние салды. Әріптес бауырым, үзеңгілес серігім Қосман Қайыртайұлының қазасы туралы қаралы хабарды естігенде төбемнен жай түскендей күйде болғанымды жасыра алмаймын. Ауыр күйзелiспен қабылдадым. Жүрек қан жылап тұр... Қимастық сезімімді жеткізу қандай ауыр еді десеңізші... Ол туралы өткен шақта сөз қозғаймыз деп кім ойлаған... Мемлекет және қоғам кайраткері Қосман Қайыртайұлы Айтмұхамбетов 1963 жылы 29 тамызда Целиноград облысы Ерейментау ауданы Бестөбе ауылында дүниеге келді. Қосман Айтмұхаметов Целиноград инженерлік-құрылыс институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп, кейіннен заңгерлік мамандығын игерген. 1983-2014 жылдары Целиноград облысы Бестөбе АТК жабдықтау бойынша инженерінен бастап, «Астана Горкоммунхоз» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, «Кредит Құрылыс НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндіріс директорының орынбасары, Ақмола облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, әкімі, Қазақстан Республикасы Аумақтық даму вице-министрі, ҚР Ұлттық министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің және жер ресурстары басқармасының төрағасы болып қызмет етті. 2014-2019 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары лауазымында қызмет атқарған Қосман Қайыртайұлы бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Қосман Қайыртайұлы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласын салуда өзіндік қолтаңбасын қалдырған азамат. Саналы ғұмырын еліміздің өркендеуіне арнаған мемлекетшіл жан еді. Екеуміз ел астанасы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшкен жылдары етене таныстық. Ол қала басшылығында содан кейінгі жауапты қызметтерде жүрген жылдары сенiмдi серiктерімнің, адастырмас ақылдастарымның бiрi бола білді. Ол өзіне жүктелген міндеттерді әрдайым мүлтіксіз орындауға ұмтылып, ұлтқа пайдасы мол талай оң бастамаларды сәтті жүзеге асырып, елдің сый-құрметіне бөленген абзал жан. Мемлекеттiк қызметте жоғары жауапкершілігімен, icкepлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен кеңінен танылды. Істiң көзiн таба бiлетiн бiлiктi де талапшыл басшы еді. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде қатар өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына сүбелі әрі өлшеусіз үлкен үлес қосты. Түркі әлемінің мәдени астанасы – Түркістанның жаңаша кейіпке енуіне еңбек сіңірді. Арыс қаласындағы жарылыстан туындаған төтенше жағдайдың зардабын жоюға аянбай атсалысып, сондағы үйлердің соңғы шатыры жабылғанша барын, жанын салып, құрылыстың басы-қасында жүрді. Мақтаарал ауданындағы су тасқынының салдарын жою шараларына алғашқы күндерден-ақ білек сыбана кірісіп, ауқымды құрылыстың басталуына, сапалы жүргізілуіне басшылық жасады. Қосман Қайыртайұлы терең білімі мен бай тәжірибесінің арқасында мемлекеттік қызметтің жауапты салаларында иеленген лауазымдарын адал атқарды. Саналы ғұмырын ұлт қызметіне, мемлекет ісіне арнаған азаматтың өмір жолы кейінгі ұрпаққа өшпес өнеге екені анық. «Жақсы адамның өлімі де өнеге» дейді халқымыз. Елге қызмет етуде, мемлекеттік қызметте өз өрнегі, қайталанбас қолтаңбасы бар азаматтың өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасына, туған-туыстарына, облыс халқына, барша қазақстандықтарға қайғыларына ортақтаса отырып көңіл айтамын. Бауырымыздың жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын. Асыл азаматтың бейнесi жадымызда мәңгі сақталады.
Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі.