Дін

Тәуелсіз Қазақстан және Ислам құндылықтары

Нұр-Мүбарак университеті мен медресе-колледждерге бөлінетін мемлекеттік білім гранты көлемін көбейтті.   

Бостандық – басты құндылық

Қазақстанның қазіргі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің болуымен ерекшеленеді. Ол халықаралық деңгейде де мойындалып отыр. Осы ретте келесі жылы елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VII Съезі өтеді. Бүгінгі күні бұл халықаралық іс-шараға дайындық басталып кетті.

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кез келген дәстүрлі дін халықты адамгершілік пен ізгілікке үндейтінін айтады.

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Ислам деген сөздің өзі «бейбітшілік» деген ұғымды білдіреді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеде Ислам дініне қысым көрсетіліп, құлшылық жасауға жан-жақтан кедергі келтірілген соң қасиетті Мәдина қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды. Алла елшісі Меккеден жырақтап бара жатып елжіреп тұрып: «Сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім» деген еді. Шын мәнінде, бостандықтың қадірін босқын болған ел біледі. Өткен ғасырда тағдыр тауқыметімен, сол кездегі солақай саясаттың кесірінен атамекенін тастап, көшуге мәжбүр болған белгілі дін қайраткері, ғұлама-ұстаз, Құранды қазақ тіліне тәржімалаған Халифа Алтай атамыз өз естеліктерінде: «О, туған жер, кіндік кесіп, кір жуған, қайран атамекен қош болыңдар! Не бір жетісіп барады дейсің, қара бұлттай қайғы арқалап бара жатырмыз! Көзден бұлбұл ұшқанмен көңілден кетпес, атамекен, кеудемізде шыбын жан тұрғанда сені ешуақытта ұмытпақ емеспіз! Сағынышқа толы сана мен мұңға толы жанарымыз сен жаққа жаутаңдаумен өтер ме екен!» деп жазды, – дейді Бас мүфти.

Оның сөзінше, тағдырдың талай сындарлы сәттерін бастан кешкен біздің де ата-бабаларымыз ата діні мен салтын сақтау үшін өз туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды.

Қиын-қыстау заманда қазақ халқын бауырына басып, қамқорлығын көрсеткен, Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған бауырлас Түркия еліне тағы да ризашылық ниетімізді жеткіземіз. Қазақ халқы бұл жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Қазақ халқында «Тәубенің зоры – Тәуелсіздік» деген тәлімді сөз бар. Аллаға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында мешіт-медреселеріміз көркейіп, діни саладағы жұмысымыз жаңа деңгейге көтерілді. Құрбан айт құрметіне демалыс жарияланып, құлшылық жасауға еркіндік алдық, – деп айтты Наурызбай қажы Тағанұлы.

1991 жылы егемендік алған сәтте елімізде небәрі 68 мешіт болса, бүгінгі күні құлшылық үйлерінің саны 2 600-ге жетті. Егемендігіміздің алғашқы жылында елімізден 74 адам қажылық парызын өтеген болса, қазір жыл сайын ұлы сапарға барушылар саны 4 мыңнан асты.

Асыл дінімізге үлкен қолдау көрсетіп, жанашырлық танытып келе жатқан Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Ұлт мүддесі мен мемлекет мұратын, тәуелсіздік туын әрдайым биік ұстайық! Тәуелсіздік – қыран құстай еркіндікке ұмтылған халқымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы орындалған күн. Тәуелсіздік – жүрегі елім деп соққан әрбір қазақстандық үшін аса қадірлі, айрықша ардақты ұғым» деген еді. Елбасы қамқорлығымен Алматы қаласында Нұр-Мүбарак университеті ашылып, діни салаға қажетті сапалы маман даярлауға мүмкіндік алдық. Бүгінде аталған оқу орнын бітірген түлектер еліміз бен жеріміздің игілігі үшін аянбай қызмет етіп жатыр, – дейді ол.

Тәуелсіздік жылдарында медреселеріміз колледж мәртебесін алды. Мемлекетіміз діни салада білім алып жатқан жастарды қолдау мақсатында Нұр-Мүбарак университеті мен медресе-колледждерге бөлінетін мемлекеттік білім гранты көлемін көбейтті.

Кейінгі жылдары заман талабына сай баспа, ақпарат, аударма, қоғаммен байланыс, діни оңалту саласын жандандырып, бірнеше жаңа бөлімдер ашылды. Діни басқарма жанынан ашылған «Зекет және қайырымдылық» қоры, «Уақып» қоры, «Муфтият» баспасы, «Халал даму», «Қамқор-Шарапат» мекемелері қоғамның сұранысына сай қызмет етіп, өз жұмысын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.

Сонымен қатар Діни басқарманың төл басылымдары «Мұнара» газеті мен «Иман» журналы көпшілік оқырманды рухани құндылықтарымызбен сусындатуда. Мүфтияттың төл арнасы – «Мұнара» телеарнасы ашылып, мұсылман жамағатының сенімді діни ақпарат көзіне айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда әрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?» «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мәрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет» деп жазған еді. Біздің де мақсатымыз – жастарды «мен елімнің өсіп-өркендеуіне қандай үлес қоса алам?» деген ойларға жетелеу, сонымен қатар тәуелсіздік қадірін барынша сезіндіру. Адамның бостандығы мен құқығын қадірлейтін, оның ары мен намысын қастерлейтін қасиетті дініміз тәуелсіздігімізді де бағалай білуге шақырады, – деп пікір білдірді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Расында, адамның құқығы мен бостандығынан асқан құндылық жоқ. Адамзат баласын бірлік пен игілікте өмір сүруге үндеген Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам» деген. Ол сөзін қорытындылай келе былай деді: Алла Тағала халқымызға жар болып, бірлігіміз бен бейбітшілігімізді, тәуелсіздігімізді баянды еткей.

Сонымен қатар жазушы-публицист Марат Тоқашбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміздің тарихы үшін айтулы бір белес екенін айтты. Оның пайымдауынша, бұл аралықта Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Әлемде 1,6 миллиард мұсылман болса, қазір ол жалпы адамзаттың ширек бөлігін, 25 пайызын құрап отыр. Қазақстанның мұсылмандары елдегі бүкіл халықтың 72 пайызын құрайды.

30 жылда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жетекшілік етіп, бас мүфти қызметінде болған Рәтбек қажы Нысанбаев, Әбсаттар қажы Дербісәлі, Ержан қажы Малғажыұлы, Серікбай қажы Ораз, осы міндетті қазір атқарып отырған Наурызбай қажы Тағанұлы сияқты азаматтардың әрқайсысы күрделі мәселелердің шешілуіне өз үлесін қосты. Бүгінгі таңда ҚМДБ қызметкерлерінің қатысуымен имани көпшілік шаралар өткізу игі дәстүрге айналды. Айталық, Ораза айт, Құрбан айт мерекелерінен басқа, Құран Кәрімді жатқа оқу яки қарилар жарыстары, Мәуліт мерекелерін өткізу, жетім-жесірлерге көмек қолын созатын қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мешіт қызметкерлері арасында спорт бәсекелерін өткізу осындай қадамдардан болды. Жастарды дәстүрлі рухани-мәдени құндылықтар арнасында, иман мен иба негіздерінде отансүйгіш қылып тәрбиелеу аса маңызды міндеттің біріне айналды. Деструктивтік секталар мен жат ағымдардың теріс идеологиясына қарсы иммунитет қалыптастыру маңызды. Оған тек діни білім, туған жерге деген махаббат, өз халқына деген сүйіспеншілік арқылы жетуге болады, – деді Марат Тоқашбаев.

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 5 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (700) 685-71-25, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.