Дін

АҚШ сарапшылары мен Дін істері комитеті қақтығыс аймағынан оралған азаматтарды оңалтуды талқылады

0
(0)

4 қазанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде ҚР Дін істері Комитеті Төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров АҚШ сарапшылары яғни Чикаго Университетінің профессоры Стивен Уэйн және Джон Вашингтон Университетінің Эллиотт атындағы Халықаралық қатынастар мектебінің сарапшысы Ноа Такермен кездесті деп хабарлайды Newsroom.kz тілшісі.

Кездесудің басты себебі – қарулы қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту мәселелерін талқылау. Атап өтерлігі, қарулы қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды оңалту мәселесі Қазақстан Үкіметі мен АҚШ Мемлекеттік Департаментінің бірлескен жобасы аясында қаралады.

Кездесу барысында Чикаго Университетінің профессоры Стивен Уэйн азаматтарды оңалту бойынша арнайы мамандармен кездесіп, семинарлар, вебинарлар мен дөңгелек үстелдер өткізіп жатқанын, сондай-ақ қақтығыс аймақтарынан қайтып оралған әйелдермен және балалармен де тілдесіп, кездескенін атап өтті.

Фото: turkystan.kz

Өз кезегінде Б.Бәкіров Дін істері Комитеті «Жусан» операциясы барысында елге оралған азаматтарды қайта оңалту және әлеуметтендіру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын баяндап, жергілікті атқарушы органдардың көмегімен бұл бағытта қандай жетістіктерге қол жеткенін де алға тартты. Бұдан өзге талқылау барысында тараптар азаматтарды оңалтып, қайта әлеуметтендіру бойынша қызығушылық танытқан жайттарды да кеңінен талқыға салды.

Еске салсақ, Қазақстан 2019 жылдан бастап «Жусан» операциясы аясында Сирия мен Ирак аумағынан ел азаматтарын қайтара бастады. Сириядағы қарулы қақтығысқа Қазақстаннан қанша азамат кеткені белгісіз. ҰҚК 2019 жылы қарашада Сирия мен Ирактан Қазақстанға 57 ер адам мен 220 әйел адам және 547 кәмелет жасына толмаған балалардың қайтарылғанын хабарлаған еді. Ал осы жылдың 4 ақпанында ҚР Сыртқы істер министрлігі қарулы қақтығыс аймағынан Қазақстанға 12 азаматтың қайтарылғанын мәлімдеді.

 

 

Мөлдір ЖАҚЫПОВА

 

Сурет https://turkystan.kz сайтынан алынды

 

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 0 / 5. Бағалар саны: 0

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button