Блогтар мен пікірлер

Сабырмен қарайық: ІІМ экс-кеңесшісі РФ келушілерге байланысты 3 ұсыныс айтты

Ресейдегі жағдайға байланысты елімізге келуі мүмкін қиындықтардың алдын алуға арналған нақты 3 ұсынысым бар деп жазды белгілі журналист және ҚР ІІМ экс-кеңесшісі Нұрділда Ораз өзінің фейсбук парақшасында.

Біріншіден, пәтер бағасын қолдан шарықтатып отырған баспана қожайындарына айтарым – бұл мәселеге екінші қырынан қарау керек. Бағаны негізсіз көтеру – өз азаматтарымызға  жасалып жатқан қастандық. Қазақ қиын-қыстау заманда өз қандасы тұрмақ, өзгелерге де құшағын жайып, басынан сипай білген дархан халық. Абай заманында бір Тобықтының баласы болса да Байсал мен Бөжейлер Құнанбаймен қырқысып, өмір бойы барымталасып, алысып өткен.  Бірақ ұлы Абайдың әкесі патша тарапынан тергеуге іліккенде, кепілдікке 5 мың жылқы берген осы Байсал мен Бөжейлер еді. Яғни, қазақ қандасының қара басын қақпа сыртындағыларға қалдырмаған. Қапыда қалып, қам жеген бауырына қамқорлық танытқан. Сондықтан, пәтер бағасын төлеу үшін өз кәсібінен нәпақасын әрең айырып, тиын-тебенін санап жүрген өз бауырларымызға обал жасап жатқанымызды ескерген жөн. Бұл мәселені үкімет шешіп бере алмайды. Өйткені нарық заңында баға сұранысқа байлаулы. Бұны шешуге тек парасат биігінен ойлайтын, адамдардың қайғысынан пайда табуға түбегейлі қарсы азаматтық қоғам ғана қауқарлы.

Екіншіден, тек қазақ тілінде сөйлейтін, ана тілдің мәртебесін көтеретін уақыт келді. Статистикалық мәліметтер бойынша, жыл басынан елімізге тек Ресейдің өзінен 1 жарым млн астам азамат келіп-кеткен екен. Олардың 10-нан бірі елімізде жүр. Немен айналысып жүргенін бір құдай білсін?! Қайтып айналып соғатыны қаншама?! Бір парасы Қазақстанға бұрын-соңды келмегендер. Олар Қазақстанды кеңестің шекпенінен шыққан орыс тілді қоғам ретінде елестетеді. Сондықтан олардың орыс елінде емес, қазақ жерінде жүргенін сезіндіру керек. Ол үшін ана тілін шала білетіндер де қазақша сөйлеуге көшкені абзал. Бұл – «инстинкт самосохранения». Кризистік кезде қолға алынуы тиіс міндетті алғышарттардың бірі.

Үшіншіден, ұлтаралық келісімнің сыналатын кезі. Сырттан келген қонақтар қазақ қоғамының менталитетін дереу қабылдай қойса игі. Әйтпесе, сырттан келген меймандардың ішінде қазақ қоғамынан мүлдем бейхабарлары өте көп болуы мүмкін. Біздің тіліміз, дәстүріміз, сенім-нанымымызға нұқсан кеп жатса, жуаннан жуас халық қарап қалмасы анық. Осыдан барып, ұлттар достығына салқындық тимесіне кім кепіл?!

Қазағым жусаннан төмен, бетегеден биік қарапайым болып тіршілік еткен халық қашаннан. Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жатса да, аспаған, таспаған. Табалдырығын аттағанды төріне шығарып сыйлаған. Алайда, «жаман үйді қонағы билейдінің» кері кеп жатса, төрге шығарғанын тайраңдатып қоя алмайтыны бесенеден белгілі.

Сондықтан барлық жағдайға алдымен сабырмен қарайық!

Бір жағынан, жүйкесі әбден тозып, жұмақ іздеп келгендерді одан бетер үркітпейік. Жүні жығылғандарға жөнін көрсетіп, жылы сөйлейік. Арандап қалмайық! Алла ел басына түскен әрбір сынақтан аман шығуға нәсіп етсін. Ел аман, жұрт тыныштығын тілеймін!

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 2.9 / 5. Бағалар саны: 21

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.