Блогтар мен пікірлер

Әскердегі махаббатымды ұмыта алмай жүрмін

4.2
(15)

Әр адамның өмірдегі ең алғашқы махаббаты болады емес пе?! Менің де құлай сүйіп көрген ең алғашқы ғашығым әскерде болып еді. Өкінішке орай, ондай жанды мен әлі кездестірмедім.

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Германияның Эрфрут қаласында әскери борышымды атқардым. Ол кезде кеңес өкіметінің уағы, әскерге «қызыл империяның» әр қиырына жіберетін. Эрфруттағы авиация әскеріне түскен күннен бастап, қазақ жігіттері өзара тіл табысып, ұйымшылдығымызбен ерекшелендік. Жігіт болған соң өзара төбелес болмай тұрмайтын. Құдай берген бой мен ауыл баласының қара күшінің арқасында ешкімге есе жібермейтінмін. Сондай күндердің бірінде жаңадан әскерге келгендерге әлімжеттік жасап жатқан «дедтардың» біреуін түзеймін деп, оның артынан госпитальге түсіп қалдым.

Ми шайқалып, жақ сүйек сынып емделіп жатқан күндерде Инна есімді неміс қызымен таныстым. Ол медбике болып жұмыс істейтін. Госпиталь маңындағы 3 подъезді 4 қабатты үйлердің бірінен барып-келіп істейтін. Менің жалғызсырап жүретінімді байқай ма, әлде басқа да ойы болды ма, үйіріліп қасымнан шықпайтын. Қазір де қазақша ән айтып, Қазақстанға сәлем жолдап жатқан немістерді көрсем бір жылап аламын… Сол госпитальде жатқан күндердің куәсіндей болып, бастапқыда әзіл-қалжыңмен басталған әңгіменің арты үлкен махаббатқа ұласты.

Әскери борыштың қалған күндерінің сенбі-жексенбісі Иннасыз өтпейтін. Үйіне де бардым. Қазіргі жастар үйленбей жатып бір-бірінің әке-шешесімен танысып жатады ғой, мен де сол дәстүрді 80-ші жылдары бастадым-ау деймін. Болашақ қайын жұртпен танысып, бәлкім осында қалармын деп жүргенде елге қайтатын уақытта болды. Көзін бұлап қимай қоштасқан Инна мен Эрфрутқа қайта келем деген ойым ауылға келген соң әдіре қалды. Әні-міні деп жүргенде ауылдағы ағайын қоймай жүріп тракторға отырғызды, одан алыстағы немістен жаныңдағы қазағың артық деп жекжаттың бір шүйкебасымен мас кезімде үйлендіріп жіберді. Сүймесем де алыстағы сағынышымды басуға сеп болар деп ем, ол ойым орындалмады. Осылайша, 40 жылға жуық уақыт өте шығыпты. Қазір жас келген сайын адам көңілшек бола ма, не пәле. Соңғы кездері алыстағы неміс жері жиі түсіме кіретін болып жүр. Түсімде көк көз сары бала папалап жүгіреді. Ояна кетсем өз үйім, күнделікті өңім болып шығады. Бәлкім жастық шақта бір белгі қалды ма деп кей-кейде Германияға тартып кеткем келеді. Бірақ әй, қайдам…

 

Жазба кейіпкерінің аузынан қаз-қалпында жазып алған

Қоңырақын ҚАРАБАЙ  

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 4.2 / 5. Бағалар саны: 15

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!



Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button