Блогтар мен пікірлер

Таңдаудың тарихи сәті келді

Билік транзитінің бейбіт жолмен алмасуы Орта Азия елдерінде тек Қазақстанда ғана жүзеге асты. Түрікмен мен Әзірбайжанда мұрагерлік жолмен орындалса, Өзбекстанда Алланың есебімен реттелді, ал бір кезде «демократия аралы» атанған Қырғызстанда билікті күшпен басып алу қалыпты жағдайға айналды. Әрине, бұдан тек қарапайым халық ұтылды. Жаңарған жүйе мен жақсарған өмірдің нышаны әлі байқалмайды.

Әлемдік алпауыттардың ықпал көлемге таласуы, соның салдарынан халықаралық жағдайлардың шиленісуі бұл күнде барлық елді алаңдатып отыр. Осындай сындарлы сәтте билік элитасының асығыс, шалағай, сақтанбай жасаған бір қадамы еліне, елінің болашағына орасан зор қатер әкеледі. Оған Африканың, Орта Шығыстың, Ауғанстанның тарихы куә.

Тәуелсіздіктен кейін отыз жылда еліміз саясат, экономика, мәдениет тұрғысынан үлкен жаңғыру дәуірін бастан кешті. Іргесі бекемделіп, әлеуеті артты. 1989 жылғы жалпыхалықтық санақта Қазақстанның әрең 40%-ын құраған байырғы жетекші ұлттың қазіргі көрсеткіші 70%-дан асады. Қазақи тілмен айтсақ, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Бұл жетістігімізді бүкіл әлемдік қауымдастық бағалап, мойындап отыр .

Әрине, тарихи, саяси, геосаяси  жағдайларға байланысты саяси модернизм мен отарсыздандыру үдерісі баяу жүрді. Нарықтың қалыптасуы барысында байлық санаулы адамдардың қанжығасында кетті. Кеңес кезінде қол жеткізген адам капиталын пайдалану, әлеуметтік әділдікті сақтау сынды стандарттан адасып қалдық. Билік пен бизнес элитасы қылмыспен қойындасып кетті. Осы қордаланған қайшылықтар қабаттаса келіп, «төртінші қаңтарда» білтесі тұтанып, қанды уақиғаға жалғасты. Жылы орнын, көл-көсір байлығын қиғысы келмегендер қылмыстық топтарды пайдаланып, аңқау халықты отқа итеріп, заңды билікті аударып, монархия құрғысы келді. Төртінші қаңтардан бесінші қаңтарға қараған таңда Алматы отқа оранды. Қарапайым халықтың мал-мүлкі талан-таражға түсті. Еліміздің құқық қорғау органдарының ұшар басындағы генералдар мен полковниктер Президенттің-басқолбасшының төтенше жағдай жөніндегі бұйрығын орындамай, әскери антына опасыздық жасады. Осы сыналар сәтте Президент бар жауапкершілікті мойнына алып, қатаң шешім қабылдады. Сонымен елдің тұтастығын, қоғамның тыныштығын, халықтың берекесін сақтап қалды. Уды умен қайтарғанда құрбандық болды. Жазықсыз жандар қосақ арасында кетті, бірақ 20 миллионға таяу халықтың мүддесін қорғап отырған республиканың туы жығылмады.

Билік жаңарып, түлеп жатыр. 2016 жылдан бері еліміздің салық, кеден жүйесін жайлаған жегі құрттар аласталуда. Отбасы мүшелерінің билікке ықпал ету мүмкіндігі тоқтатылды. Сайлау ауылдан аудандық масштабқа беталды. Партия, қозғалыс құрудың шарттары жеңілдеп, билік партиясының монополиясы әлсіреуде… Қоғам төңкеріспен емес, эволюциялық өзгеріспен ғана шынайы, жан-жақтылы, салиқалы дамиды. Париж комунасының лаңы, Қазан төңкерісінің адамзатқа алып келген кесапаты әлі санамызда сақталып тұр. Отарлық санадан қалған берекесіздік, бас-басына би болған пәтуасыздық, партияқұмарлық бұл күнде өмірімізге әлеуметтік желіні жамылып, еркіндік пен демократияның тонын киіп, өзгеше формамен халықты адастыруда. Оң мен сол, шындық пен жалған, жақсы мен жаман миша былығуда!

Жыл сайын қыркүйек айында елімізде саяси додалар қыза түсетін, биыл тіпті де ерекше есте қалды. Ай басында президент халыққа жолдауында: «Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын», – деп ешкім күтпеген мәлімдеме жариялады. Сырт көзге жаратылысынан биязы, жұмсақ кісі құсап көрінетін кәсіби дипломаттың мынадай тосын, батыл жүріс жасайтынын ешкім де ойлап, қиялдап көрмеген сияқты. Мүдделі кландар дағдарып қалды. Онсыз да бастары қосылмайтын оппозиция сасып қалып, тіпті де шашырап кетті. Бұл бір болса, мұның алдында «төртінші қаңтар оқиғасында» байлық пен билікке бөккен, әрі құнығып кетіп, сол үшін монарқия құруға ниеттенген қасқөйлердің бопсасына шыдап, жолын кесіп, барлық жауапкершілікті өзіне ала отырып, тосын да қатерлі шешім қабылдап, елімізді 1979 жылғы Ирандағы жағдай қайталанудан Ауғанстанның аяғын құшудан сақтап қалды. Көрші елдердің президенттері сияқты қара басын алып қашпай, өркениеттің дамуына, өзі бастаған саяси реформалардың жалғасуына кепіл болды. Бұл екі деңіз. Командасы қалыптаспаған әлсіз дипломатты қалпақпен ұрып аламыз дегендер оңбай қателесті.

Бодандық ажырғы саяси құғын-сүргінге репрессия, аштыққа ұласып, халқының үштен екісінен айрылған Қазақ өткен ғасырдың соңында отыз жылда әрең еңсесін тіктеп, жоғалтқан ділін, дінін, тілін тауып, көк байрағын желбіретіп, жетекші ұлт ретінде мемлекеттің жетпіс пайызын құрап, өткенге салауат айтып, жер ауып келген өзге ұлт пен ұлыстарды бауырына басқанда, кең байтақ териториясы мен қазба байлығыстратегиялық орны айналасындағы мысықтілеулілердің көзінің құрты болып,  геосаяси ойынның ошағына айналып кете жаздады. «Сақтансаң – сақтаймын» дегендей Құдай сақтады! Элитамыз бірікті. Халқымыз бар ауырлықты қайыспай көтеріп, іргесін бекітті.

Осы бірліктің, берекенің арқасында бүкіл Христиан әлемі аузына қараған Рим Папасы елімізге сапарлап келіп, домбыраның екі ішегіндей үйлесім тапқан татулық пен берекені тілге тиек етіп, қазба байлықтың бізде ғана емес, бүкіл әлемде әділ бөлінбей жатқанын қадап айтты.

Миллиардтан асатын халқын киіндіріптойындырған, БҰҰ-ның мәліметінше кедейлікпен  күресті жетпіс пайызға орындаған, пандемияның тұтанған жері болса да, таралу, өлім-жітім көрсеткіші ең төмен болған көршіміздің басшысының індет тарағаннан бергі алғашқы сапарын елімізден бастауы да кездейсоқтық емес, мұқият сараптан өткен жоспар, әрине, еліміздің осыған дейін жеткен табысы мен басшымыздың парасатпен, жанқиярлықпен атқарған жұмыстарының нәтижесі.

Өтпелі кезеңде жабылған облыстар қалпына келді. Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер тиісті  құрметке бөленді. Мемлекет пен халықтың талмау жері, нәзік тұсы болып, ашкөз олиграхтар  үймелеп алған кеден мен салықтың қызметі реттеліп,  бюджеттің түсімі артты. Конституциялық сот қалпына келуде, рейдерлікпен айналысқандар тиісті жазасын алуда. Бірақ, отыз жыл бойы үлкен астаудан жем жеп, қомданған үш ұрпақ мүдделі кландар тыныш жатқан жоқ, сабан астынан су жүгіртіп жатыр. Олар ешқашан өз мүддесінен бас тартпайды. Орайлы сәтті күтеді, бірақ, бұл сайлауды олар күткен жоқ. Ордалы жылан есеңгіреп ес жимай тұрғандапрезиденттің кандидаттурасын қолдауымыз керек. Біздегі басты құндылық – тәуелсіздік! Тәуелсіздік болғанда ғана «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» болады. Оған бастар жолды өзімізбен бір құрлықта жасап жатқан Азия елдерінің ұлт көсемдері Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куаң ю, Пак Чон хи, Махадыр көрсетіп кеткен. Демократия, кісілік құқық, еркіндік басымызға қона салатын құс емес. Оның қадіріне жету үшін парасат-пайым, ерік-жігер, кемелденген заң, өскелең сана керек немесе экс-оппозиционер Бигелді Габдуллиннің ізімен АҚШ-ты біраз шарлап келген жөн шығар. Өйтпегенде популистер мен саяси жалдаптардың ойыншығына айналып,  бармағымызды тістейміз.Жеті жылда тәуелсіздіктің төртінші он жылдығына тәмамдай бастаймыз. Армандар орындалады. Өркениетті қоғам құру өз қолымызда. Болашақ бүгіннен басталады. Дипломатияның майын ішіп, жілігін шаққан, батыстың ілімін, шығыстың философиясын тұла бойына дарытқан, еліміздің іргетасын бірге қаласқан, жоқшылық көріп, араны ашылмаған азамат, тұлға қалауларыңызбен елге тұтқа болмақшы! Жыртысын бірге жыртып, арманға бірге аттанайық. Елге қатер төнгенде мінезі мен жігерін көрсетті, парасаты мен пайымына бұрыннан қанықпыз. Таңдаудың тарихи сәті туды.

Омарәлі Әділбекұлы

Жазба қандай әсер қалдырды?

Жазбаға баға беріңіз!

Орташа 1 / 5. Бағалар саны: 1

Әзір ешкім бағаламапты. Алғашқы болып баға беріңіз!

Пікір жазу үшін басыңыз

Leave a Reply

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Ең Танымал

Редакциямен байланыс:

E-mail: info@newsroom.kz

Телефондар: +7 (775) 186-21-13, Нұр-Сұлтан қ.

ZERO.kz

Лицензия

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің 25.05.2017 жылдан №16544 «NewsRoom +» АА Куәлігі берілген.
© 2017-2022
Сайттағы материалдарды пайдаланғанда міндетті түрде сілтеме берулеріңізді сұраймыз. Ақпараттық порталдағы авторлық және басқа да құқықтар толығымен қорғалатынын ескертеміз. Автордың жеке пікірі редакцияның көзқарасы болып саналмайды. Жарнама мен түрлі хабарландыруларға жарнама беруші жауапты.