Ресейдің Магадан қаласында дәрігерлер коронавирус жұқтырған адаммен байланысқа түсуі мүмкін 900 адамды оқшаулады. Бұл туралы Ресей үкіметінің отырысында Магадан облысының губернаторы Сергей Носов мәлім етті деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"Бір жауапсыз адамның кесірінен карантин шараларын сақтап жүрген еш кінәсі жоқ адамдардың жоспарлары бұзылуы мүмкін. Бұл тіпті, жауапсыздық емес – бетпақтық. Енді байланысқа түсуі мүмкін 900 адам оқшаулау шаралары біткенше Магадан облысынан шыға алмайды. Басқа жаққа жол жүру үшін билет алып қойғандар да бар – олардың ақшасын ешкім өтемейді", – деп мәлімдеді Носов.
Ол ер адамның баласын балабақшаға алып келіп, кейіннен екіжақты пневмониямен ауруханаға жатқызылғанын атап өтті. "Ал ертесіне өзін-өзі оқшаулауға жіберілген әйел күйеуінің жұқпалы аурулар ауруханасында жатуына байланысты баласын балабақшаға әкеліп, кіреберістегі сауалнамаға "отбасында ешкімнің ауырмайтынын" жазған.
Күйеуінің COVID-19 диагнозымен ауруханада жатқанын біле тұра, балабақшаға келіп, ешкім ауырмайды деп жазу үшін қаншалықты жауапсыз адам болу керек? Осындай жағдайда қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етеміз?", – деп шүйлікті губернатор.