Халықаралық зерттеулердің білім саласына ықпалы қандай

13 Қыркүйек, 2018 663 0

Биылғы жылдың сәуір-мамыр айларында қазақстандық 2 мыңға жуық мұғалім және 4 мыңға жуық 8 сынып оқушылары әлемнің 12 елімен қатар ICILS-2018 халықаралық зерттеуіне алғаш рет қатысты. Зерттеу нәтижесінде білім беру саласындағы себеп-салдарлық байланыстар туралы ақпарат аламыз. Бұл ақпарат өз кезегінде білім беру саласын жетілдіру үшін пайдалы болмақ, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.  

Сондай халықаралық зерттеулердің бірі ICILS (International Computer and Information Literacy Study). Бұл мектеп оқушылары арасындағы IT білімнің қалыптасу деңгейін анықтайтын әлемдегі алғашқы зерттеу. Зерттеудің мақсаты – ақпарат толқыны салтанат құрған заманда оқушылардың оқуға, жұмысқа және өмірге дайындықтарын бағалау, 8 сынып оқушыларының компьютерлік және ақпараттық сауаттылықтарын анықтау, бұл саладағы оқуды дамытуға ұлттық және халықаралық деңгейде ықпал ету. 

Зерттеу жұмыстары көрсеткендей, желіде көп отыру мен балалар арасындағы жалғыздық, депрессия сезімдері арасында өте тығыз байланыс дәлелденген. Осы орайда қоғам «Қазақстандық мектептер заманауи талаптарға қалай жауап беруі керек?», «Компьютерлік және ақпараттық сауаттылыққа қандай факторлар әсер етеді?» сынды сұрақтарға жауап іздей бастайды. Аталмыш өзекті сұрақтарға жауап іздеу мақсатында оқу жетістіктерін бағалау бойынша IEA Халықаралық ассоциациясымен 2013 жылдан бастап әрбір бес жыл сайын ICILS зерттеу жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Екінші маңызды халықаралық зерттеу - TALIS (Teaching and Learning International Survey). Қазақстан биыл әлемнің 46 елімен қатар алғаш рет оқыту мен білім беруді зерттеумен айналысатын халықаралық TALIS‑2018 зерттеу жұмыстарына қатысты. Зерттеудің көздеген негізгі мақсаты – мұғалімдердің кәсіби деңгейін, мектептегі жалпы жағдай мен көшбасшылық деңгейін бағалау. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері мектеп мұғалімдері мен директорларына ұлттық деңгейде де, халықаралық деңгейде де белгілі бір көрсеткіштерге қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Кездейсоқ іріктеме әдісі арқылы еліміздің 16 өңірінен таңдалған орта мектеп мұғалімері мен директорлары (5-9 сыныптар) TALIS-2018 сауалнама сұрақтарына жауап берді. Сауалнама нәтижесінде алынған қорытындылар шетелдік әріптестерімен салыстыра келгенде қазақстандық мектеп мұғалімдері мен директорларының әлсіз тұстарын анықтауға, орта білім беру ұйымдарындағы оқыту мен білім беру сапасын арттыруға бағытталған саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу қорытындылары еліміздегі педагогикалық корпусты жақсарту бойынша нұсқаулықтарды жасап шығаруға мүмкіндік береді.

Аталмыш халықаралық зерттеу жұмыстары бойынша жасалған қорытынды 2019 жылғы маусымда жарияланатын болады. ICILS-2018 және TALIS-2018 бойынша толығырақ ақпаратты ҚР БҒМ «Ақпараттық-сараптамалық орталығы» АҚ сайтынан алуға болады http://iac.kz 

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.