Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
4 маусым, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Бейсен Құранбек басқарған «Жетісу» телеарнасына жаңа басшы тағайындалды

Бейсен Құранбек басқарған "Жетісу" телеарнасына жаңа басшы тағайындалды

Бейсен Құранбек басқарған «Жетісу» телеарнасына жаңа басшы тағайындалды
ашық дереккөзі
Белгілі тележурналист, публицист, зерттеуші Серік ӘБІКЕНҰЛЫ Алматы облыстық "Жетісу" телеарнасының директоры қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. - Ал, міне жақсы жаңалығым! Серік Әбікенұлы Сарыбай "Жетісу" телеарнасының директоры болып тағайындалды. Бейсекеңмен бірге бастаған істі жалғастырып, арнаның ары қарайғы даму жолы Секеңнің басшылығымен жүзеге аса бермек, - деді Ғ.Жүкел. Серік Әбікенұлы - әр жылдары еліміздің маңдайалды телеарналарында, мерзімді баспасөз саласында жемісті еңбек еткен білікті журналист. Оның идеясынан туған тележобалар көрермен тарапынан әрдайым жоғары бағаланады. Мерзімді баспасөзде жарияланған мақалалары қашанда құндылығымен оқырман жүрегін жаулап келеді. Соңғы жылдары "Жетісу" телеарнасында марқұм Бейсен Құранбектің орынбасары қызметін абыроймен атқарды. - Бүгін - белгілі тележурналист, білікті басшы, талантты жазушы, принципті азамат Серік ӘБІКЕНҰЛЫ "Жетісу" телеарнасына облыс әкімі Амандық Баталовтың ұйғарымымен Бас директор болып тағайындалды. Секең бұған дейін осы аймақтық арнада Бейсен Құранбектің (арда туған азамат Бейсекеңнің рухы шат болсын) орынбасары болып қызмет еткен. Секең мен белгілі тележурналист Досан Қызайбекұлы Бейсекеңе сенімді серік болып, өңірлік арнаны республикалық деңгейде беделін арттырған кәсіби мамандар. Күнгейде де, теріскейде де Бейсеннің жанынан табылып, қанаттасып ақ-адал қызмет етті. "31 арна", "Алматы" секілді жетекші арналары және "Парасат" журналында басшылық қызмет атқарғаны баршаңызға мәлім. Секең мен Досан бастаған ұжымға,сайдың тасындай іріктелген әріптестерімізге толайым табыстар тілеймін! Ақпарат кеңістігінде кесек орны бар, халық ақыны Әбікен САРЫБАЙДЫҢ тұяғы, жас журналистерге ұстаз болып келе жатқан Серік бауырымызға қызметі құтты һәм қайырлы болсын дейміз. Қатарларың сиремесін! Дұрыс таңдау жасап, қолдаған Алматы облысының әкіміне Алла разы болсын! - деді белгілі журналист, "Ана тілі" ұлт газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан.