Шымкенттегі дүйім жұртты дүрліктірген бозбаланың өліміне енді дәрігерлер жауап беруі мүмкін. Бұған марқұмның ағасы жазған Фейсбуктегі пост себеп болып отыр. Ал қылмысқа қатысты бес күдікті бүгін ұсталыпты. Олардың арасында депутаттың інісі де бар деген ақпарат тарауда, деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі
Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Үш жасөспірімді аяусыз ұрып-соққандардың кімдер екені анықталды. Тоғыз күдіктінің бесеуі қамауда, біреуі іздеуде, қалған үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жәбірленушілер мен күдіктілердің жас шамасы 17-де. Тек, біреуі ғана кәмелеттік жасқа толыпты. Әрі барлығы ауылдас әрі рулас көрінеді. Сондай-ақ, төбелеске қатысқандардың арасында қалалық мәслихат депутатының інісі де болған деген де ақпарат бар.
Ералы Жұмаханбетов, қалалық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры:
"Но, заң алдында бәрі бірдей, өздеріңіз білесіздер. Ол рулас бола ма, басқа бола ма, енді қылмыс себебінің аты - қылмыс. Заңды шешім қабылдаймыз".
Бұл іспен Еңбекші аудандық полиция басқармасы айналысып жатыр. Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Онда 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандықтан айыру жазасы белгіленген. Алайда, 106-шы бапты марқұмның туыстары 99-мен алмастыруды талап етіп отыр. Өйткені, біздің ұлымызды абайсызда емес, қасақана өлтірген дейді. Сол үшін «Адам өлтіру» бабымен іс қозғалсын деп отыр. Бірақ, жәбірленушілердің бұл уәжіне полиция генерал-майоры былайша жауап берді.
Ералы Жұмаханбетов, қалалық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры: "Ол жерде мен ешқандай ой көріп тұрғаным жоқ өзгертуге, Ал, егер жаңағы 99-ға ауыстыр десе прокуратурумен келісейік те ауыстырайық. Бірақ, енді сотқа барған кезде біз бәрібір заңды шешім қабылдауымыз керек қой".
Брифингте Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты да сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғаны белгілі болды. Онда медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін қаншалықты дұрыс орындағаны тексеріледі. Оған марқұмның бауыры Алмас Ұтқыровтың әлеуметтік желідегі жазбасы себеп болыпты.
Алмас Ұтқыров, марқұмның ағасы: "Ешкім бауырымның жағдайы ауыр халде екенін түсініп, келіп көмек жіберіп, Ұлттық нейрохирургияда ешкім жіберген жоқ. Мен қанша жалындым, келіп көріңдерші, хотя бы көріңдерші ауыр жағдай болса да, өз көзіңмен көрген бәрібір басқаша ғой. Маған құлақ ешкім аспады".
Дегенмен, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар өз дәрігерлеріне қатысты іс материалы полицияда тіркелгенінен бейхабар болып шықты. Нақты қай маманға және қандай баппен тергеу жүретінін тәртіп сақшыларының ресми хатынан кейін ғана айта аламыз дейді. Ал, әзірге, қалалық полиция департаменті жәбірленушілердің қорғаушымен келуін күтіп отыр. Өйткені, тараптар тергеу материалдарының барысымен танысуы тиіс.
https://www.youtube.com/watch?v=PyXN3JkZtG0