Көкжайлау қорғауға алынады
Көкжайлау қорғауға алынады
Басынан дау арылмаған Көкжайлауға ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі қайтарылады. Бұл туралы Мәжілісте ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қатысты заң жобасын қарау барысында белгілі болды. Төменгі палата депутаттары құжатқа біраз өзгертулер мен толықтырулар енгізді. Әуел баста Көкжайлауға жерге 230 миллион долларға бағаланған курорт салынуы тиіс еді, деп хабарлайды Newsroom+тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қазақтың шұрайлы да құнарлы саналатын орындары Парламентте талқыланды.
Мінберге шығып сөз алған Берік Оспанов баяндамасында Бурабай мен Іле Алатау табиғи парктерінің бизнеске беріліп, бірақ қолданылмай жатқан жерлері ерекше қорғалатын аумақтар құрамына қайтарылуы тиіс екенін айтты.
Берік Оспанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
«Іс жүзінде мынадай жағдайлар бар. Бұл Бурабай ұлттық табиғи паркі және Іле Алатау ұлттық табиғи паркінің жерлері. Ауыстырған жерлердің игерілмеуіне және ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың құрамына кірмеуіне байланысты, олар тиісті түрде қорғалмайды. Соның салдарынан, өзінің бірегейлігін және құндылығын жоғалтып жатыр. Сонымен қатар осы аумақтағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесіне залал келтірілуі мүмкін».
Қайтарылғаны жақсы әрине. Бірақ, Көкжайлауда курорт болады деген соң онда станция салынған еді.
Мәжіліс депутаты Иван Клименко осы сауалды Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкіліне қарата қойды.
Иван Клименко, қр парламенті мәжілісінің депутаты:
«Бурабайдың 370 гектар жері 2012 жылы арнайы экономикалық аймағына бөлінді. 2014 жылы Көкжайлау тау-шаңғысы курортын салу үшін Іле Алатау паркінің 1002 гектар жері берілді. Қазір ол жерде подстанция ғимараты салынған. Осы жердің бәрі ерекше қорғалған аумаққа қайтарыла ма? Учаске мемлекетке қайтарылған соң, жоғарыда аталған станцияның ары қарайғы тағдыры не болады?».
Вице-министр Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, Бурабайда туристік аумаққа бөлінген 370 гектар жердің 260 гектары игерілген. Қалған 110 гектары ерекше қорғалған аймаққа қайтарылмақ. Ал Көкжайлаудағы станция әкімдік қарауына өтеді екен.
Ерлан Нысанбаев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары:
«Комиссия құрылады. Менің ойымша, оны қайта жөндеп, қаланың қарауына береді. Себебі, ол Көкжайлау кешенінің нысаны үшін салынған. Енді керек емес».
Нысанбаевтың жауабы Мәжіліс төрағасына ұнай қойған жоқ. Басқасын айтпағанның өзінде бір станцияның салынуына деп бюджеттен қыруар қаржы бөлінгені анық.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы
«Азғантай уақытқа ғана беріп едік. Енді оны сауатты пайдаланған жоқ. Станцияны салдық, енді жинап, шаша салатын қорап үй секілді айтып отырмыз. Бюджеттен оған қыруар қаржы кетеді. Жарайды, мейлі».
Естеріңізде болса экологтар Көкжайлауға тау-шаңғы курортын салу тиімсіз деген еді. Өйткені қар жатпайды. Жоба авторлары қолдан қар жасау үшін тау басына су қоймасын салуды көздеген. Сейсмикалық аумақта орналасқан Алматы үшін ол аса қауіпті. Ақыры миллиондаған долларға бағаланған жобаныПпрезидент тоқтату туралы шешім қабылдаған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Мен бүгін бұл жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни Көкжайлау тау-шаңғы курортын салуға. Ол керек емес. Оған қарсы барлық кәсіби экологтар мен оған қатысы бар қоғам қарсы шықты».
Осылайша, қағаз күйінде бекітіліп, іске аспай қалған курорттың әңгімесі аяқталғанға ұқсайды. Ол жерде жаппай құрылыс жұмыстары жасалмаса да, бірер нысан салынды. Енді олар шығынсыз қайта бұзыла ма, жоқ әлде мақсатсыз бөлінген қаржыға ескерткіш болып қала ма, оны уақыт көрсетеді.
https://www.youtube.com/watch?v=aI2M1pkA__Q