Алматыда 2,5 мыңнан астам жас сайлаушы алғаш рет дауыс берді
Бүгін Алматы қаласында 2 574 жас азамат алғаш рет сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Биыл 18 жасқа толған жастар осылайша дауыс беру құқығын алғаш рет пайдаланды.
Алғашқы дауыс беру күнін ерекше атап өту үшін қаладағы бірқатар сайлау учаскелерінде жас сайлаушыларға шағын сыйлықтар әзірленді. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде орналасқан №258 учаскеде алғашқы рет дауыс берген жастарға арналған 20 естелік сыйлық дайындалған. Ал №252 сайлау учаскесінде де дауыс беруге алғаш келген ұл-қыздарға құттықтау айтылды.

Осындай бастама Алматының барлық ауданында ұйымдастырылып, жас сайлаушыларға естелік сыйлықтар мен тәттілер табысталды. Бұл олардың азаматтық өміріндегі маңызды қадамды ерекше мерекелік көңіл күймен атап өтуге мүмкіндік берді.
Алғаш рет дауыс беру – жастар үшін ел өміріне араласудың, азаматтық жауапкершілігін танытып, қоғамдық маңызды шешімдерге өз үлесін қосудың алғашқы мүмкіндігі.

Айта кетейік, Алматыда барлығы 670 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам азамат енгізілген. Дауыс беру уақыты сағат 20:00-де аяқталады.