Қылмыс

Қазақстанда 10 айда 32 тоннадан астам есірткі тәркіленді

2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанда есірткі айналымына қатысты 6,5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Ішкі істер министрлігі заңсыз айналымнан 32 тоннадан астам тыйым салынған зат алынғанын хабарлады.

Қазақстанда 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында есірткі айналымына байланысты 6,5 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Заңсыз айналымнан 32 тоннадан астам тыйым салынған зат, соның ішінде 1 тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Ведомство мәліметінше, аталған кезеңде 3 мыңнан астам есірткі қылмысы тіркелген.

Полицейлер қылмыстық топтардың сегізінің қызметін тоқтатты, олардың біреуі трансұлттық сипатта болған. Тергеу барысында 10 жетекші мен 43 қатысушы ұсталды.

Сонымен қатар 23 есірткі зертханасы мен 94 фитозертхана жойылып, есірткі контрабандасының 147 фактісі анықталды.

Халықаралық ынтымақтастық аясында екі сыртқы бақыланатын жеткізу жүргізілді. Тағы 18 осындай операция Қазақстан аумағында ұйымдастырылған.

Интернеттегі есірткі саудасына қарсы күрес

Ішкі істер министрлігінің тағы бір бағыты — есірткінің интернет арқылы таралуына тосқауыл қою. «Кибернадзор» жүйесіне құқыққа қайшы контенті бар шамамен 30 мың интернет-ресурс енгізілді.

Нәтижесінде 11 мыңнан астам сайт бұғатталып, 14 мыңға жуық банк картасы мен шот тоқтатылды. Оларда тұрған қаражаттың жалпы көлемі 283 миллион теңгеден асты.