Арман Қырықбаев Астанадағы «Томирис» балетінің әлемдік премьерасын тамашалады
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырыкбаев еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында «Астана Опера» театрында өткен «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасына қатысты.
Қойылымнан кейін министр шығармашылық ұжымды құттықтап, спектакльден алған әсерімен бөлісті. Оның айтуынша, туынды тек өзіне ғана емес, премьераға қатысқан шетелдік қонақтарға да ерекше әсер қалдырған.
Министр сахналық безендіру, сценография, музыкалық сүйемелдеу мен жас әртістердің орындаушылық шеберлігін айрықша атап өтті. Сондай-ақ ол қойылымды дайындауға атсалысқан шығармашылық топқа жоғары деңгейдегі еңбегі үшін алғыс білдірді.
Арман Қырыкбаев «Томирис» балеті алдағы уақытта отандық театр өнерінің танымал туындыларының біріне айналып, Қазақстанның мәдениетін халықаралық деңгейде танытатын маңызды өнер жобасы болатынына сенім білдірді.