«Астана Опера» сахнасында «Томирис» ұлттық балетінің тұсауы кесілді
Қазақстанның мәдени өмірі тағы бір айтулы оқиғамен толықты. 27 қарашада «Астана Опера» театрында сақ патшайымы Томиристің өмір жолына арналған «Томирис» ұлттық балетінің әлемдік премьерасы өтті. Екі актіден тұратын ауқымды қойылым Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.
Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында көрерменге жол тартқан жаңа туынды халқымыздың терең тарихын, ұлттық болмысын және азаттық жолындағы күресін би өнері арқылы бейнелейді. Балеттің негізгі желісіне ел тәуелсіздігі, отанға адалдық, ерлік пен қайсарлық идеялары арқау болған.
Премьераға Қазақстан мен шетелдердің мемлекеттік және мәдениет саласының өкілдері, дипломаттар, халықаралық ұйымдардың басшылары, өнер қайраткерлері мен қоғам өкілдері қатысты.
«Томирис» – «Астана Опера» театрының шығармашылық тобы арнайы дайындаған алғашқы толықметражды екі актілі ұлттық балет. Шығарманың музыкасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хамит Шаңғалиев жазса, хореографиялық шешімін Сұлтанбек Ғұмар әзірлеген. Либретто авторы – Ермек Аманшаев.
Қойылымда классикалық балет дәстүрі қазақ биінің нақыштарымен және заманауи хореографиялық тәсілдермен үйлескен. Сахналық кеңістіктің көркемдік шешімін жапониялық сценограф Йоко Сеяма жасаған. Ал костюмдер суретшісі Дариға Тайшықова сақ дәуірінің тарихи ерекшеліктерін сахналық образдар арқылы жеткізген.
Спектакльден кейін Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев театр ұжымымен кездесіп, шығармашылық топты сәтті премьерамен құттықтады. Ол ұлттық тарих пен мәдени мұраны өнер арқылы жаңғыртатын мұндай туындылардың маңыздылығына тоқталып, қойылымды дүниеге әкелуге үлес қосқан авторлар мен әртістерге алғысын білдірді.
«Томирис» балетінің сахналануы – ұлттық өнердің жаңа белесі. Бұл туынды қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртып қана қоймай, еліміздің мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытуға да мүмкіндік береді.