Аймақтар

Қарағандыда 5 мыңға жуық тұрғын үйді газ желісіне қосуға жағдай жасалды

 

Қарағанды қаласындағы Таугүл және Күнгей шағын аудандарын табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жоба толығымен аяқталды. Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде аталған аумақтарда 201,1 шақырым газ тарату желісі тартылып, 4 газ реттеу пункті мен 44 шкафтық газ реттеу пункті пайдалануға дайындалды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының қатысуымен жүзеге асқан жобаның алтыншы іске қосу кезеңі 4 940 жеке тұрғын үйді табиғи газға қосуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, газ желісіне әлеуметтік және қоғамдық нысандарды қосу жоспарланған. Олардың қатарында 1 мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық мекеме, үлкен мешіт, 4 спорт секциясы және 12 таунхаус кешені бар.

Бүгінде нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Газ құбырларын үрлеу және герметикалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізіліп, қажетті технологиялық шаралар орындалған.

Жобаның іске асуы Таугүл мен Күнгей шағын аудандарындағы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, қаланың инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруге және әлеуметтік нысандарды экологиялық тұрғыдан тиімді отын түрімен қамтамасыз етуге бағытталған.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ еліміздегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жұмыстарын жалғастыруда. Бұл бағыттағы бастамалар «Халықтық құрылыс» бағдарламасы шеңберінде Энергетика министрлігі, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп жүзеге асырылып келеді.