Азаматтық кодексті жаңарту: құқықтық сабақтастық – тұрақтылық кепілі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу бастамасы азаматтық заңнаманы заман талабына сай жетілдіру үшін маңызды қадам. Алайда реформа қолданыстағы құқықтық жүйенің тиімді тетіктерін жоққа шығармай, құқықтық сабақтастық қағидатына негізделуі қажет.
Азаматтық кодекс азаматтар мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы сан түрлі құқықтық қатынастарды реттейтін негізгі құжат болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістер құқықтық айқындық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс. Әсіресе қалыптасқан сот практикасын, өзін ақтаған құқықтық нормаларды және азаматтық айналым қатысушыларының заңды мүдделерін ескеру маңызды.
Жаңа Кодексті әзірлеу барысында заң нормаларының өзара үйлесімділігіне, құқықтық терминдердің бірізділігіне және өтпелі кезең тетіктеріне ерекше назар аударған жөн. Реформаның нәтижесі өзгертілген баптардың санымен емес, құқықтық мәселелерді қаншалықты тиімді шешетінімен бағалануы керек.
Сондықтан азаматтық заңнаманы жаңғыртуда жаңашылдық пен құқықтық сабақтастық қатар жүруі тиіс. Бұл азаматтық айналымның тұрақтылығын нығайтып, заңнамаға деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді.
Көптлеуова Әсемай Мұхтарқызы
ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты Халықаралық құқық және салыстырмалы құқықтану бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының магистрі.