«Боқаевтың ықпалында болған»: Ұлан Нүсіпқожаның адвокаты жарыссөзде сөз сөйледі
Санжар Боқаевқа қатысты сот отырысындағы жарыссөз барысында Ұлан Нүсіпқожаның қорғаушысы Мәди Әуекенов сөз сөйледі. Ол сотталушының кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне шын жүректен өкінетінін атап өтіп, соттан осы ұстанымына тиісті баға беруді сұрады.
Адвокаттың пікірінше, Нүсіпқожаның кінәсін мойындауы жазаны жеңілдетуге бағытталған формалды мәлімдеме емес. Керісінше, бұл – өз қателігін түсініп, оның салдары үшін жауапкершілік алуға дайын адамның саналы шешімі.
Қорғаушы сот назарын іске қатысушылардың әрқайсысының атқарған рөліне аударды. Оның айтуынша, Нүсіпқожа Боқаевтың мобилографы ретінде жұмыс істеп, негізінен бейнетүсірілім, жарық пен дыбысты реттеу, микрофон орнату және монтаждау сияқты техникалық міндеттерді орындаған. Ол жұмыс берушісінің тапсырмаларын күнделікті қызметтік міндеттер ретінде қабылдаған.
Әуекенов қорғауындағы адамның әрекетін тапсырмаларды беріп, материалдардың мазмұны мен жариялану барысын айқындаған тұлғаның іс-әрекетімен теңестіруге болмайтынын жеткізді.
Адвокат «Атакент» аумағы мен жерасты өткелдеріне қатысты эпизодқа да тоқталды. Оның сөзінше, бейнероликтерге қажетті мәтіндер, скриншоттар мен ақпараттық материалдарды Санжар Боқаев әзірлеген. Ал Нүсіпқожаға дайын материалдар беріліп, ол тек техникалық жұмыстарды атқарған. Қорғаушы оның бейнероликтердің мазмұнын қалыптастырмағанын, жариялау туралы шешім қабылдамағанын және әлеуметтік желідегі аккаунттарды басқармағанын атап өтті.
Осыған байланысты Әуекенов соттан Нүсіпқожаның ақпараттану деңгейі мен әрекеттеріндегі қасақаналық мәселесін жеке қарастыруды сұрады. Оның пікірінше, бейнероликтерді техникалық тұрғыдан дайындауға қатысу адамның қылмыстық ниеті болғанын өздігінен дәлелдемейді.
Сондай-ақ қорғаушы тергеу барысында болған жайттарға назар аударды. Оның түсіндіруінше, Нүсіпқожа Боқаевтың ықпалында болып, алғашқы кезеңде ештеңе есінде жоқ екенін айтуды ұсынған кеңесіне ерген. Кейін оған жауап бермеуге кеңес берілген. Соның нәтижесінде сотталушы тергеу кезінде айғақ беруден бас тарту құқығын пайдаланған.
Адвокат оқиғалардың хронологиясын ескерудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бастапқыда сенім артқан адамның ықпалында болған Нүсіпқожа кейін өз бетінше шешім қабылдап, болған жағдайды жасырмай айтуға бел буған.
Қорғаушы сотталушының жеке және отбасылық жағдайын да назардан тыс қалдырмауды өтінді. Нүсіпқожа бұрын сотталмаған әрі жауапкершілікке тартылмаған. Бұрынғы некесінен кәмелетке толмаған баласы бар, оған материалдық қолдау көрсетіп келген. Сонымен қатар өгей баласының тәрбиесіне де араласып, оны өз баласындай қабылдаған.
«Айыпталушының үйіне оралуын асыға күтіп отырған, ол үшін мұның маңызы зор адамдар бар», – деді Мәди Әуекенов.
Сөзінің соңында қорғаушы соттан кінәні мойындау мен өкінуін, кәмелетке толмаған баласының болуын, бұрын сотталмағанын, әр эпизодтағы нақты рөлін және қамауда өткізген уақытын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеруді сұрады.
Сондай-ақ заңда көзделген негіздер болған жағдайда жазаны жеңілдететін нормаларды қолдануды және бас бостандығынан нақты айыруға байланысты емес барынша жеңіл жаза тағайындауды өтінді.
Адвокаттың айтуынша, бүгін сот алдында өзіне кімге сенуге болмайтынын кеш түсінген, алайда жасаған қателігін мойындап, түзелуге мүмкіндік сұрап отырған адам тұр.