Сотта Боқаев бейнетүсірілім үшін тақталарды сатып алуға өзі ақша төлегенін мойындады
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Санжар Боқаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті отырыста айыпталушы гранит тақталарды ұрлау, «Баум» тоғайындағы ағаштарды кесу және жалған ақпарат тарату эпизодтары бойынша жауап берді. Ол гранит тақталарды екі рет сатып алуға өз қаражатын жұмсағанын растады. Алайда бұл әрекеттерді ұйымдастыруға қатысы бар жауапкершілікті Бақытжан есімді белгісіз адамға жүктеді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Сот отырысында Санжар Боқаев гранит тақталарды сатып алу жағдайына қатысты өз нұсқасын баяндады. Оның айтуынша, екі жағдайда да қажетті қаражатты өзі бөлген. Алғашқы түсірілімнің сапасы көңілінен шықпағандықтан, ол тақталарды екінші рет сатып алуға шешім қабылдаған. Мұндағы мақсаты – заңбұзушылықтарды әшкерелеуге арналған бейнеролик үшін сапалы кадрлар түсіру болғанын жеткізді.
Айыпталушы бұл әрекетін қоғамдық бақылау жүргізу ниетімен түсіндірді. Дегенмен алғашқы бейнежазбаны алғаннан кейін бірден полицияға не себепті хабар бермегенін нақты түсіндіре алмады. Тек түсірілім кезінде пайдаланылған арнайы техниканың түрін анықтау мүмкін болмағанын айтты.
Сондай-ақ Боқаев демонтаждалған гранит тақталардың нақты санын да атай алмады. Оның болжамынша, олардың саны бірнеше мың дана болған.
Ұйымдастыру жауапкершілігін белгісіз Бақытжанға жүктеді
Гранит тақталарды сатып алу және «Баум» тоғайындағы ағаштарды кесу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесіне келгенде Боқаев Бақытжан есімді адамды атады. Айыпталушының сөзінше, бұл адаммен ешқашан бетпе-бет кездеспеген және кейін байланыстары үзілген.
Алайда оның бұл мәлімдемесі сотта бұған дейін зерттелген дәлелдермен сәйкес келмейді. Атап айтқанда, ағаш кесу жұмыстарына қатысқан Ақылбек Хамракулов жауап алу кезінде Бақытжан деп Санжар Боқаевтың өзін атаған.
Сонымен қатар сот отырысында Боқаев пен Хамракулов арасындағы хат-хабарлар да қаралды. Онда ақша аудару мен қаражат беру туралы хабарламалар, сондай-ақ алғашқы бейнетүсірілімнің сапасына қатысты наразылықтар болғаны көрсетілген.
Бұдан бөлек, айыпталушының Хамракуловтың адвокаты Д. Ахметовпен жазысқан хаттары зерттелді. Онда Боқаев адвокаттан қорғауындағы адамға үндемеу керектігін жеткізуді сұрағаны айтылды.
Ақпаратты тексермей жариялағанын іс жүзінде мойындады
Сотта жалған ақпарат таратуға қатысты эпизодтар да талқыланды. Атап айтқанда, әңгіме жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу және «Атакент» аумағын абаттандыру туралы жарияланған бейнероликтер жөнінде болды.
Бұл мәселелер бойынша Боқаев материалдарды әзірлеу кезінде бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдар мен үшінші тұлғалар ұсынған мәліметтерге сүйенгенін айтты.
Осылайша, айыпталушы жариялаған ақпараттың шынайылығын алдын ала өзі тексермегенін іс жүзінде растады.
«Атакент» аумағына қатысты сұрақтарға жауап берген Боқаев мемлекеттік меншікке жататын нысандардың бар екенін тек сотқа дейінгі тергеу барысында білгенін жеткізді. Сонымен бірге кешен аумағының нақты қай бөлігі мемлекет меншігіне тиесілі екенін әлі күнге дейін білмейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін қаржылық операцияларға қатысты жауап берген
Еске салайық, бұған дейін сотта Боқаевтан алаяқтық жасау және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру эпизодтары бойынша жауап алынған болатын.
Сол кезде ол BM Trust компаниясын іс жүзінде өзі басқарғанын, ұйымның мөрі өзінің жұмыс кабинетінде сақталғанын және қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру жөнінде тапсырмалар бергенін растаған.
Ал ағаштарды кесу эпизоды бойынша жәбірленуші тарап медиациялық келісімнен бас тартқаннан кейін Боқаевтың адвокаттары келтірілген залалды өтеу үшін «Медеу Парк» мекемесінен төлем шотын сұратқан.
Бұдан бір күн бұрын қорғаушылар «ҚазТрансГаз» кәсіподағымен медиациялық келісімге келу мүмкіндігін талқылау үшін қосымша уақыт беруді өтінген.
Санжар Боқаев пен өзге де айыпталушыларға қатысты сот процесі жалғасып жатыр.