Білім

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Бүгінде университет халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа технологиялық шешімдерді енгізуге басымдық беріп отыр.

1934 жылғы 15 қаңтарда құрылған ҚазҰУ бүгінде 30 мыңға жуық студентті біріктіреді. Университет құрамында 16 факультет пен 15 студенттер үйі бар. Білім беру бағдарламаларының саны 550-ден асады. QS World University Rankings халықаралық рейтингінде университет 177-орында, ал QS Asia University Rankings рейтингінде 46-орында тұр.

Халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық

Университет дамуының басым бағыттарының бірі – халықаралық байланыстарды кеңейту. ҚазҰУ әлемнің 700-ден астам жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Мұнда 55 елден келген 9 мыңнан астам шетелдік студент білім алады.

Университет 60-тан астам қос диплом бағдарламасын жүзеге асырады. Олардың қатарында АҚШ-тағы Penn State University, Германиядағы Висмар қолданбалы ғылымдар университеті, Франциядағы Лион университеті, Қытайдағы Ланьчжоу университеті, Израильдегі Бар-Илан университеті, Ресейдегі РУДН және Әзербайжандағы Баку мемлекеттік университеті бар.

Соңғы үш жылда профессор-оқытушылар құрамының біліктілігін арттыру, халықаралық конференцияларға қатысу және шетелдік университеттерде дәріс оқу мақсатында 1 939 шетелдік іссапар ұйымдастырылған. Сонымен қатар оқытушылар 686 шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтіп, халықаралық деңгейдегі 840 біліктілікті арттыру курсына қатысқан.

Осы кезеңде 2 389 студент, магистрант және докторант шетелде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өткен. Ал 250 шетелдік студент алмасу бағдарламаларына қатысқан. Университетте 150-ден астам шетелдік оқытушы мен шақырылған лектор жұмыс істейді.

Ғылым мен инновациялық инфрақұрылымды дамыту

2022 жылы ҚазҰУ-ға «Зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Қазіргі таңда университеттің ғылыми инфрақұрылымына 8 ғылыми-зерттеу институты, 39 ғылыми орталық және 140 зертхана кіреді. Мұнда 400-ге жуық ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

2024–2026 жылдар аралығында тартылған инвестиция көлемі 116 миллион доллардан асты. Осы кезеңде университетте жаңа ғылыми-инновациялық нысандар құрылып, дамып келеді. Олардың жалпы саны – 64.

Маңызды жобалардың қатарында 20,55 млн доллар инвестиция тартылған FARABI HUB, құны 32,5 млн долларды құрайтын «Бір белдеу – бір жол» суперкомпьютерлік кластері, Дүниежүзілік банктің 3,91 млн доллар гранты есебінен құрылған FARABI ROBOTICS орталығы және Цифрлық технологиялар мен робототехника халықаралық институты бар.

Сондай-ақ тұрақты даму мен табиғатты ұтымды пайдалану, химиялық зерттеулер, дәрілік өсімдіктерді зерделеу, нейроғылым, археозоология және Қазақстанның заң шығару үдерісіне жасанды интеллектіні енгізу бағыттарына ерекше көңіл бөлінуде.

Жаңа жобалардың қатарында қашықтан зондтау технологиялары бойынша қазақстан-қытай бірлескен зертханасы, Қазақстан мен АҚШ-тың цитоматрица зерттеу орталығы және ұшқышсыз ұшу аппараттарын әзірлеу цехы бар. Соңғы жобаға 13,8 млн доллар инвестиция бағытталған.

Халықаралық серіктестер және инвестициялар

Университет Samsung, Ericsson, BASF, NVIDIA, LG, ZTE және Huawei сияқты ірі халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатқан.

Сонымен қатар университет инфрақұрылымын жаңғыртуға қосымша қаражат бөлінуде. Демеушілер есебінен оқу аудиторияларын жабдықтауға 257 мың доллар, автобус сыйға тартуға 174 мың доллар және аумақты абаттандыруға 1,5 млн доллар бағытталған.

Инвестициялық қолдау аясында стадионды реконструкциялауға 1,77 млн доллар қарастырылған. Ал университет өз қаражаты есебінен инфрақұрылымды жаңғыртуға 8,2 млн доллар бөлген.

Оқытушылар мен студенттердің жетістіктері

2025 жылы ҚазҰУ-дың 38 оқытушысы «ҚР жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болды. Бұл республика бойынша конкурс жеңімпаздарының жалпы санының 25 пайызын құрайды. Сонымен қатар университеттің жеті қызметкері «Үздік ғылыми қызметкер» конкурсында жеңімпаз атанып, ел бойынша жалпы көрсеткіштің 15 пайызын құрады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту конкурсында 17 қызметкер жеңіске жетті.

Ғылыми жетістіктер қатарында академик Қ. И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың екі лауреаты және мемлекеттік ғылыми стипендиялардың үш иегері бар.

Студенттер де республикалық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетті. Республикалық студенттік пәндік олимпиадада олар тоғыз жүлделі орынға ие болды: төрт бірінші, екі екінші және үш үшінші орын. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсында ҚазҰУ студенттері 72 жүлделі нәтиже көрсетті. Оның ішінде 22 бірінші, 24 екінші және 26 үшінші орын бар.

Осылайша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дамуы білім сапасын арттыру, халықаралық байланыстарды нығайту, ғылымды өркендету, инвестиция тарту және кампус инфрақұрылымын жаңғырту бағыттарын қамтиды. Жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер университеттің халықаралық білім және ғылым кеңістігіндегі орнын одан әрі нығайтуға негіз болады.