Аймақтар

Алматы тау курорттарын бірыңғай туристік кеңістікке біріктіруде

Алматы тау кластерін дамыту жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Қолданыстағы курорттарды жаңғырту, жаңа арқанжолдар салу және тау аумақтарын игеру арқылы өзара байланысты туристік инфрақұрылым қалыптасып келеді.

Жоба қысқы спорт түрлерін дамытумен қатар, таулы аймақтарды жыл он екі ай бойы демалыс орнына айналдыруды көздейді.

Алматы тау кластері біртіндеп нақты туристік жобаға айналып келеді. Қазіргі уақытта жұмыстар бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Атап айтқанда, Shymbulak және Oi-Qaragai курорттарының инфрақұрылымы жетілдіріліп, Бутаковка мен Кімасар шатқалдарында жаңа нысандарға дайындық жасалуда. Сонымен бірге Almaty SuperSki тау курортының құрылысы белсенді кезеңге өтті. Болашақта бұл аумақтардың барлығы өзара байланысқан туристік жүйеге біріктірілуі тиіс.

Кластерді дамытудың кешенді жоспарына барлығы 73 іс-шара енгізілген. Оның негізгі мақсаты – жұмыс істеп тұрған курорттардың мүмкіндіктерін кеңейту, жаңа туристік нысандарды іске қосу және таулы аймақтар арасындағы инфрақұрылымдық байланысты қамтамасыз ету.

Қазірдің өзінде бірқатар жаңашылдық Oi-Qaragai курортында жүзеге асырылды. Мұнда 10 адамға арналған гондолалы және 6 орындық креслолы арқанжолдар пайдалануға берілді. Сондай-ақ тау шаңғысы трассаларын дамытудың алғашқы кезеңі аяқталып, парапланмен ұшуға арналған арнайы алаң ашылды. Бұл өзгерістер курорттың қысқы спортпен ғана шектелмей, белсенді демалыстың өзге де түрлерін ұсынуына мүмкіндік береді.

Ал Shymbulak курортында өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған құрылыс жұмыстары жалғасуда. Мұнда жаңа көтергіштер орнатылып жатыр. Олар келушілер ағынын тиімді реттеуге, шаңғы тебуге арналған аумақты кеңейтуге және курорттың жалпы өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

Кластерді кеңейту жұмыстары Бутаковка мен Кімасар шатқалдарын да қамтиды. Бутаковкада болашақ арқанжол станциялары орналасатын аумақтар әзірленіп, инженерлік-геологиялық зерттеулер жүргізілуде. Ал Кімасарда негізгі станцияның құрылысына арналған алаң дайындалған.

Алдағы уақытта осы жұмыстардың нәтижесінде Shymbulak пен Oi-Qaragai курорттарын арқанжолдар және тау шаңғысы трассалары арқылы өзара байланыстыру жоспарланып отыр. Бұл екі курорттың мүмкіндіктерін біріктіріп, келушілерге таулы демалыстың кең ауқымын ұсынуға жол ашады.

Жобаның маңызды бөлігінің бірі – Almaty SuperSki жаңа тау курорты. Қазір оның құрылысы қарқынды жүргізілуде. Францияның POMA компаниясымен бірлесіп, арқанжолдарға арналған іргетастарды құю жұмыстары басталды. Сонымен қатар болашақ кешеннің техникалық талаптарына сай жабдықтар дайындалуда. Жоба аясында барлығы 11 арқанжол салу көзделген.

Almaty SuperSki жобасы отандық өндірістің дамуына да серпін бермек. Әлеуетті өндірушілерді іріктеу қорытындысы бойынша қазақстандық компаниялардың бірі арқанжол конструкцияларының жекелеген бөлшектерін еуропалық сапа және қауіпсіздік талаптарына сай өндіруге қажетті біліктіліктен өтті. Бұл отандық өндірісті дамытуға, жаңа технологияларды игеруге және елімізде қосымша өндірістік құзыреттер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Курортты жобалау жұмыстарына халықаралық тәжірибесі бар бірқатар компания тартылған. Архитектуралық тұжырымдаманы Foster + Partners әзірлеген. Ағаштан жасалатын тірек конструкцияларын жобалау және өндіру міндеті швейцариялық Blumer-Lehmann компаниясына жүктелген. Ал тау ауылына арналған тұжырымдаманы канадалық Ecosign компаниясының қатысуымен даниялық Bjarke Ingels Group әзірлеп жатыр. Жаңа курортты 2028 жылғы желтоқсанда іске қосу жоспарланған.

Тау кластерін дамыту тек арқанжолдар мен шаңғы трассаларын салумен шектелмейді. Жоспарда жаяу серуендеуге арналған маршруттарды қалыптастыру, визит-орталықтар ашу, цифрлық навигация жүйесін енгізу және таудағы қауіпсіздік инфрақұрылымын жетілдіру де қарастырылған.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – инфрақұрылымды жыл бойы пайдалану. Қыс мезгілінде туристерге тау шаңғысы және басқа да қысқы спорт түрлерімен айналысуға жағдай жасалса, жазғы кезеңде жаяу саяхат, трекинг, велосипедпен серуендеу және табиғат аясындағы демалыс бағыттары дамытылады.

Осылайша, Алматы тау кластері жекелеген демалыс орындарының жиынтығы емес, өзара байланысқан тұтас туристік аумақ ретінде қалыптасып келеді. Shymbulak, Oi-Qaragai, Almaty SuperSki және жаңа тау аймақтарының бірін-бірі толықтыруы туристер үшін демалыс мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ал инфрақұрылымның жаңаруы мен жыл бойғы туризмге басымдық беру Алматының Қазақстандағы жетекші тау туризмі орталықтарының бірі ретіндегі әлеуетін арттыруға негіз болады.