Жаңалықтар

5G желісін пайдалану үш жылда 20 есеге артты

Қазақстанда мобильді интернетті тұтыну көлемі өсіп, бесінші буын желісіне сұраныс артып келеді. Kcell желісіндегі жалпы мобильді трафиктің 40%-ы бүгінде 5G арқылы беріледі. Ал бір абоненттің ай сайынғы интернет тұтынуы 30,6 ГБ-қа жетті.

Kcell желісінде 5G технологиясын пайдалану көрсеткіші соңғы үш жылда айтарлықтай өскен. Компания дерегінше, 2023 жылы бесінші буын желісі мобильді трафиктің небәрі 2%-ын құраса, 2026 жылы оның үлесі 40%-ға жеткен. Осылайша, 5G арқылы берілетін трафик көлемінің үлесі 20 есе артты.

Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында «Кселл» АҚ басқарма төрағасы Асқар Жамбакин мәлімдеді. Оның айтуынша, абоненттердің интернет тұтыну көлемі де көбейген. Егер 2023 жылы бір пайдаланушы айына орта есеппен 11 ГБ интернет жұмсаса, қазір бұл көрсеткіш 30,6 ГБ-қа дейін өскен.

Компания 2023–2026 жылдар аралығында байланыс инфрақұрылымын дамытуға 468 млрд теңге инвестиция салған. Осы уақыт ішінде 5G желісі іске қосылып, 4G қамту аумағы кеңейтілді. Қазіргі таңда Қазақстан халқының 64,3%-ы 5G желісіне қол жеткізе алады. Ал 4G желісімен қамту көрсеткіші 72,5%-дан 92,7%-ға дейін артқан.

Асқар Жамбакиннің сөзінше, оператор үшін тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендер мен автожолдар бойында да тұрақты байланысты қамтамасыз ету маңызды. Осы мақсатта 2026 жылы 566 ауыл 4G желісімен қамтылған. Сонымен қатар Астана–Көкшетау, Астана–Қарағанды, Астана–Павлодар және Шымкент–Түркістан бағыттарындағы негізгі автожолдарда байланыс инфрақұрылымы жақсартылған. Компания 4G және 5G желілерін дамыту жөніндегі лицензиялық міндеттемелерін белгіленген мерзімнен бұрын орындаған.

Қалаларда да байланыс сапасын жақсарту жұмыстары жалғасуда. Мәселен, Шымкент қаласындағы Бадам-2 шағынауданында №97, №100 және №105 мектептердің маңында 2025 жылдың басында 4G және 5G желілері іске қосылды. Кейін осындай мүмкіндік №49 мектеп аумағында да қамтамасыз етілді. Жалпы, 2024–2026 жылдары анықталған 514 байланыс сапасы төмен аумақтың 366-сында жағдай жақсарған.

Үкімет отырысында инфрақұрылымды дамытуға кедергі келтіретін мәселелер де көтерілді. Соның бірі – радиофобияға байланысты базалық станцияларды алып тастау жағдайлары. Ресми мәлімет бойынша, елде жыл сайын 100–150 базалық станция пайдаланудан шығарылады. Бұл белгілі бір аумақтарда байланыс сапасының төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты оператор мемлекеттік органдармен бірлесіп, радиотолқындардың қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Сонымен қатар Kcell желіні басқару мен жетілдіруде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануда. ЖИ құралдары базалық станциялардың жұмысын бақылауға, желіні жоспарлау мен оңтайландыруға көмектеседі. Ақау анықталған жағдайда жүйе оның ықтимал себебін автоматты түрде талдап, инженерлерге мәселені шешу жолдарын ұсынады. Бұдан бөлек, байланыс сапасы төмендеген аумақтарды анықтап, оларды талдауға мүмкіндік береді.