Білім

Астанада стратегиялық серіктестер форумы өтті: Alageum Electric білім мен ғылымды дамытуға қолдау көрсетті

Астанада Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы өтіп, оған 400-ден астам отандық және шетелдік өкіл қатысты. Іс-шара Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен, «Ғылым және білім эндаумент-қоры» корпоративтік нысаналы капитал қоры мен Alageum Electric компаниялар тобының қолдауымен ұйымдастырылды.

18 қарашада елордада жоғары білім мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған Стратегиялық серіктестердің III халықаралық форумы өтті. Оған университеттер, ғылыми және халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус пен өндірістік серіктестердің 400-ден астам өкілі қатысты.

Форумның басты мақсаты – қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтып, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды дамыту.

Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі жетістіктері мен алдағы міндеттерін таныстырды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде шетелдік университеттердің 33 филиалы жұмыс істейді, ал қазақстандық жоғары оқу орындарында 41 мыңға жуық шетелдік студент білім алады.

Сонымен қатар форумда жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, академиялық ұтқырлық, трансұлттық білім беру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелері талқыланды. «AI-Sana» бағдарламасы аясында 706 мың сертификат берілгені, ал 241 ғылыми әзірлеме нарыққа шығарылғаны атап өтілді.

Форум аясында халықаралық университеттермен ынтымақтастық құжаттарына қол қойылып, бірлескен білім беру бағдарламалары мен академиялық алмасуды дамытуға бағытталған бастамалар таныстырылды.

Іс-шараның өтуіне Alageum Electric компаниялар тобының қолдау көрсетуі бизнес пен білім және ғылым саласы арасындағы серіктестіктің маңызын көрсетеді. Мұндай ынтымақтастық ғылыми әлеуетті дамытуға, инновациялық жобаларды ілгерілетуге және білікті мамандар даярлауға жаңа мүмкіндіктер ашады.