Әлем

НАТО Польша аумағының әрбір дюймін қорғауға уәде берді

НАТО бас хатшысы Марк Рютте альянс Польша аумағының әрбір дюймін қорғайтынын айтты. Ол мұны Польшада үш ресейлік әуе нысаны құлады деген хабардан кейін Варшаваға барған сапарында мәлімдеді.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте альянс Польша аумағының әрбір дюймін қорғауға дайын екенін мәлімдеді. Ол бұл сөзін сенбі күні, 21 қарашада, Варшаваға жасаған сапары барысында айтты.

Рюттенің айтуынша, НАТО болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды. Ол бұл инцидентті «айқын қауіпті» деп атап, ықтимал осал тұстар да бағаланатынын жеткізді.

НАТО-ның Еуропадағы біріккен қарулы күштеріне басшылық ететін америкалық қолбасшы Алексус Гринкевич альянстың тежеу және қорғаныс күштерін үнемі бағалап отыратынын, қажет болса қауіптерді анықтау және түзетулер енгізу үшін тиісті шаралар қабылданатынын айтты.

Әуе нысандарының енуі — болжам бойынша екі зымыран мен реактивті ұшқышсыз аппарат — Польшада «қалаушылар коалициясы» қатысқан әскери оқу-жаттығу өтіп жатқан кезде болған. Польша билігі бұл сәйкестікті кездейсоқ емес деп бағалады.

20 қарашаға қараған түні Польша аумағында үш жерде белгісіз нысандардың сынықтары табылғаны хабарланды. Польша-Украина шекарасынан шамамен 60 шақырым жердегі Новы-Липовец елді мекенінде X-101 қанатты зымыранының сынықтары анықталды. Тағы бір әуе нысаны Рудник-над-Саном маңына құлаған. Ал Молодич ауылында, Украина шекарасынан 37 шақырым жерде, ықтимал ұшқышсыз аппарат табылған.