Фин шығанағында Калининградқа бет алған жүк кемесіне дрондар шабуыл жасады
Фин және Эстония шекара қызметтері Фин шығанағында Калининградқа бағыт алған Sparta II құрғақ жүк кемесіне екі дрон шабуыл жасағанын хабарлады. Кемеде өрт шыққаны айтылғанымен, экипажды эвакуациялау қажет болмады.
Фин шығанағында Калининградқа бет алған жүк кемесіне екі дрон шабуыл жасады. Финляндия мен Эстонияның шекара қызметтері бұл кеменің Sparta II екенін хабарлады.
Финляндияның Қорғаныс күштері дрондар Гогланд аралынан батысқа қарай, Фин шығанағының шығыс бөлігіндегі бейтарап суларда шабуыл жасағанын мәлімдеді. Фин шекара қызметінің дерегінше, кемеде өрт шығып, ол халықаралық сулардан Финляндияның аумақтық суларына қарай ауытқыған.
Эстония полициясына ресейлік кемеде жарылыс пен өрт туралы хабарлар жергілікті уақытпен сағат 9:35-те түскен. Оқиға кезінде құрғақ жүк кемесі Эстонияның Вайндло аралынан солтүстікке қарай 11 теңіз милі қашықтықта болған.
Финляндия шекара қызметі теңізшілерге көмек көрсету үшін оқиға орнына барғанын және ресейлік теңіз құтқару қызметтерімен байланыс орнатқанын айтты. Ведомство экипаждың кемеден шығуына қажеттілік болмағанын хабарлады.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко да құрғақ жүк кемесіне ресейлік құтқару кемесі жақындағанын, бірақ эвакуация қажет болмағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, «Ситуация на борту находится под контролем. Судовая команда проводит необходимые работы и планирует возобновить движение по маршруту».
Эстонияның Полиция және шекара күзеті департаменті мен Финляндия шекара қызметінің мәліметінше, зақымданған кеме — Sparta II. Ол АҚШ пен Украинаның санкциясында тұр және Ресей Қорғаныс министрлігімен байланысы бар «Оборонлогистика» компаниясымен аффилиирленген.
Ресей билігі оқиға болғанын растады, бірақ қай кеме екенін нақтыламады. Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко бейтарап суларда, Ресей шекарасынан үш теңіз милі қашықтықта екі дрон Калининградқа бара жатқан жүк кемесіне шабуыл жасағанын айтты. Калининград облысының губернаторы Алексей Беспрозванных өңірді жабдықтауға қауіп жоқ екенін мәлімдеді.