Технология

Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша әлемдік үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту жөніндегі рейтингінде сегіз сатыға жоғарылап, 16-орынға тұрақтады. Осылайша, еліміз Германия, Жапония және Швециядан озып, алғаш рет әлемдегі үздік 20 мемлекеттің қатарына кірді. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

БҰҰ рейтингінде 193 мемлекеттің цифрлық мемлекеттік қызметтерді дамыту деңгейі бағаланған. Соңғы екі жылда Қазақстан 24-орыннан 16-орынға көтерілді. Ал елдің электронды үкіметті дамыту индексі 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өскен. Әлемдік орташа көрсеткіш – 0,6675.

Қазақстан Ирландия және Польшамен бірге рейтингтің ең жоғары санатына алғаш рет қосылды. Бұл топқа барлығы 21 мемлекет енген. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ бар. ТМД мен Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстан көш бастап тұр.

Еліміздің көрсеткіштерінің жақсаруына интернет пен мобильді байланыстың қолжетімділігі айтарлықтай әсер еткен. Осы бағытта Қазақстан 41-орыннан 13-орынға көтерілді. Сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығы да артқан.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн форматта қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылдың алғашқы он айында қазақстандықтар электронды жүйе арқылы 51 миллионнан астам қызмет алған. Олардың үштен екісіне жуығы смартфон арқылы көрсетілген.