«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 миллиард доллар аударылды – Президент
Қазақстан экономикасының негізгі көрсеткіштері соңғы жылдары айтарлықтай өсіп, елдің инвестициялық әлеуеті мен қаржылық мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы мәлімдеді.
Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес, биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 398 млрд долларға жетеді. Ал жеті жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 181 млрд доллар болған. 2019 жылдан бері ел экономикасына 155 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылып, сыртқы сауда көлемі 150 млрд долларға жуықтаған.
Сонымен қатар, алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтерінің жиынтық көлемі 44 пайызға өсіп, 129 млрд доллардан асты.
Мемлекет басшысы әлеуметтік бағыттағы бастамаларға да тоқталды. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында жеті миллионнан астам баланың жеке есепшотына 2,5 млрд доллар аударылған. Президент бұл қаражатты өскелең ұрпақтың қауіпсіз болашағын қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес деп бағалады.
Бұдан бөлек, Қазақстанда азаматтарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі белгіленген. Оның аясында халыққа медициналық қызметтің мыңнан астам түрі көрсетіледі. Сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған жәрдемақының 39 түрі қарастырылған.