Аймақтар

Алматыдағы Almaty SuperSki тау шаңғысы курортының құрылысы жедел жүргізіліп жатыр

Алматы маңында жүзеге асырылып жатқан Almaty SuperSki тау шаңғысы кластерінің құрылысы белсенді кезеңге өтті. Жоба жұмыстары бекітілген жоспарға сай жүргізіліп, курортты 2028 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Kazakh Tourism Development Ltd. компаниясының директорлар кеңесі отырысын өткізіп, онда ауқымды туристік жобаның қазіргі жағдайы мен алдағы жоспарларын талқылады.

Жиында компанияның бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев құрылыс алаңындағы жұмыстардың барысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, француздың POMA компаниясымен бірлесіп, аспалы жолдардың іргетасын қалау жұмыстары басталған. Сонымен қатар курорттың техникалық ерекшеліктеріне сәйкес қажетті жабдықтарды әзірлеу процесі де қатар жүргізіліп жатыр.

Жобаға қазақстандық кәсіпорындарды тартуға да басымдық берілген. Атап айтқанда, Almaty SuperSki аумағында 11 аспалы жол салуды жоспарлап отырған POMA компаниясы жергілікті өндірушілердің мүмкіндіктерін бағалаған. Нәтижесінде аспалы жолдардың кейбір құрылымдық бөлшектерін халықаралық сапа және қауіпсіздік талаптарына сай шығара алатын отандық кәсіпорын таңдалды. Бұл қазақстандық өндірістің әлеуетін арттырып, жаңа технологияларды меңгеруге жол ашпақ.

Отырыс барысында курорттың сәулеттік және инфрақұрылымдық нысандарын жобалауға қатысатын халықаралық компаниялардың жұмысы да қаралды.

Foster+Partners сәулет бюросы әзірлеген тұжырымдаманы іске асыру аясында бірқатар шетелдік мамандандырылған компания таңдалған. Атап айтқанда, Швейцарияның Blumer-Lehmann компаниясы курорттың базалық және жоғарғы стансаларына арналған ағаш тірек конструкцияларын жобалау, өндіру, жеткізу және монтаждау жұмыстарын техникалық сүйемелдеумен айналысады.

Ал таудағы ауылдың тұжырымдамасын әзірлеу міндеті Данияның Bjarke Ingels Group сәулет бюросына жүктелді. Компания бұл жобаны 24 халықаралық үміткер қатысқан байқау нәтижесінде жеңіп алған.

Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – канадалық Ecosign компаниясының жұмысқа тартылуы. Тау шаңғысы курорттарын жоспарлау саласында мол тәжірибесі бар бұл компания 46 елде 1 мыңнан астам жобаны жүзеге асырған. Мамандар тау инфрақұрылымын туристерге ыңғайлы етіп ұйымдастыруға, соның ішінде шаңғы жолдарынан тікелей қонақүй мен демалыс орындарына жетуге мүмкіндік беретін ski-in/ski-out жүйесін енгізуге атсалысады.

Сонымен қатар Bjarke Ingels Group британдық сәулетшілермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр. Олардың портфолиосында Финляндиядағы курорттық ауыл, Швейцариядағы таулы кешен және Данияда төбесіне шаңғы трассасы салынған ғимарат секілді ерекше жобалар бар.

Жиын соңында Олжас Бектенов Almaty SuperSki жобасының халықаралық стандарттарға сай жүзеге асырылып жатқанын атап өтіп, оның еліміздегі туризм саласының дамуына елеулі үлес қосатынын айтты.

Премьер-министр құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, курортты 2028 жылдың желтоқсанында іске қосу үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Жауапты тұлғалардың келесі есебі екі аптадан кейін өтетін директорлар кеңесінің отырысында тыңдалады.