Астанада JASTAR JALYNY – 2026 фестивалінің жеңімпаздары анықталды
Елордада өткен дәстүрлі JASTAR JALYNY – 2026 жастар-студенттер фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған шараға Астанадағы 18 жоғары оқу орнының студенттері қатысып, спорт, өнер және зияткерлік бағыттар бойынша бақ сынады. Жалпыкомандалық есепте бас жүлдені Қазақ ұлттық спорт университеті иеленді.
Фестиваль 15–16 қараша күндері Қазақ ұлттық спорт университетінің базасында ұйымдастырылды. Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында өтті. Жобаны «Қазақстандық Даму қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырды.
Басты мақсат – дарынды жастарды қолдау, студенттік спорт пен шығармашылықты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және жоғары оқу орындары арасындағы байланысты нығайту.
Он бағыт бойынша өзара бақ сынады
Фестиваль бағдарламасына спорттық, шығармашылық және зияткерлік сипаттағы он номинация енгізілді.
Спорттық сайыстарда қатысушылар футзал, волейбол, шахмат, үстел теннисі және киберспорт бойынша өнер көрсетті.
Ал шығармашылық бағытта эстрадалық вокал, заманауи және ұлттық би, ұлттық музыкалық аспаптарда орындау, сондай-ақ «Кітап Quiz» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.
Екі күн бойы студенттер өз қабілеттерін көрсетіп, командалық дайындықтары мен шеберліктерін ортаға салды. Мерекелік бағдарламаға арнайы шақырылған Ильяс Кабдрай мен AUKA-ның өнер көрсетуі де ерекше көңіл күй сыйлады.
Үздік университеттер тізімі
Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жеңімпаздар анықталды:
Бас жүлде – Қазақ ұлттық спорт университеті;
- II орын – Astana IT University;
- III орын – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті.
JASTAR JALYNY – 2026 фестивалі студенттердің спорттық, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін танытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар шара университеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, жастардың өзара тәжірибе алмасуына жол ашты.