Қазақстанда мемлекеттік органдар арасында дрон операторларының турнирі өтті
Қазақстанда мемлекеттік органдардың командалары ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару және оларға қарсы әрекет ету бағытында бақ сынады. 17 қарашада ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» далалық оқу орталығында Military Drone Challenge турнирі ұйымдастырылды.
Жарысқа еліміздің мемлекеттік органдарының өкілдері қатысып, дрондар мен оларға қарсы күрес жүйелерін қолдану бойынша арнайы тапсырмаларды орындады. Сайыс барысында қатысушылардың практикалық дайындығы нақты жағдайларға барынша жақын ортада сыналды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі WSE ШЖС және «Ashyq Aspan Foundation» қоғамдық қорының техникалық қолдауымен өткізді. Қор елімізде осы бағыттағы жарыстарды ұйымдастыруға уәкілетті мекеме болып саналады.
Турнирдің басты міндеті – ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану тәжірибесін жетілдіру, оларға қарсы іс-қимыл мүмкіндіктерін дамыту және мемлекеттік органдар арасындағы кәсіби тәжірибе алмасуды нығайту.
Жарыс нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
- Бірінші орын – ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің командасы;
- Екінші орын – ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы;
- Үшінші орын – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының командасы.
Military Drone Challenge өткізу мемлекеттік органдардың кәсіби және жауынгерлік даярлығына заманауи технологияларды енгізуге, сондай-ақ ұшқышсыз аппараттар мен оларға қарсы жүйелерді қолдану тәжірибесін жетілдіруге бағытталған.