Жаңалықтар

Мектепте 10 жастағы оқушыға қатысты зорлық\-зомбылық дерегі тіркелді

Қазақстандағы мектептердің бірінде 10 жастағы оқушыға қатысты зорлық-зомбылық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғаға алтыншы сыныпта оқитын 11 және 12 жастағы екі оқушы қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған үндеуде айтылған, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Автордың мәліметінше, оқиға мектептің әжетханасында болған. Сол уақытта ішке кірген жоғары сынып оқушысы жағдайдың куәсі болып, кейін көргенін зардап шеккен баланың туған ағасына жеткізген. Осыдан кейін оқиға ересектерге белгілі болған.

Жарияланған ақпаратқа сәйкес, мектеп директоры аудандық полиция бөліміне хабар берген. Ал зардап шеккен баланың анасы құқық қорғау органдарына арыз жазған. Оқиғаға қатысты материал 16 қараша күні түстен кейін тіркелгені айтылды. Сондай-ақ отбасы адвокаттың көмегіне жүгінген.

Белгілі болғандай, зардап шеккен бала 10 жаста, ал оқиғаға қатысы бар делінген оқушылардың жасы 11 және 12-де. Олардың бірінің ата-анасы осы мектепте жұмыс істейтіні де жарияланған ақпаратта көрсетілген.

Жағдайды күрделендіре түсетін тағы бір мәселе – баланың отбасы. Анасы үш баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Отбасы облыс орталығынан шамамен 200 шақырым қашықтықтағы ауылда тұрады.

Үндеу авторының айтуынша, аудандық полиция бөлімінің басшысы күдікті балалардың 14 жасқа толмағанын айтып, істің жабылуы мүмкін екенін жеткізген. Алайда бұл мәлімдеме әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Жарияланым авторы оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты тексеріп, балалардың мұндай әрекетке не себепті барғанын анықтау қажеттігін атап өткен. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Бала құқықтары жөніндегі комитеттен істі бақылауға алып, аудандық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекциямен байланыс орнату сұралған.

Бұдан бөлек, зардап шеккен баланың анасына қысым көрсетіліп жатқаны айтылған. Үндеу авторы отбасыға жасалуы мүмкін кез келген қысым мен қорқыту әрекеттерін тоқтатуға шақырды.

Айта кетейік, оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарының, білім басқармасының және өзге де уәкілетті мекемелердің ресми түсініктемесі әзірге жарияланған жоқ.