Жаңалықтар

ҚазҰУ студентінің өлімінен кейін университет басшылығында кадрлық өзгерістер болды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірінші курс студентінің қайтыс болуына қатысты ресми түсініктеме беріп, қабылданған шараларды жариялады. Қайғылы оқиғадан кейін университеттің бірқатар басшысы қызметінен босатылып, жатақханадағы жауапты қызметкерлер жұмыстан шеттетілді

Оқу орнының мәліметінше, студенттің қазасы университет ұжымы үшін үлкен қайғыға айналған. Оқиғадан кейін университет басшылығы шұғыл шешім қабылдаған.

Атап айтқанда, тәрбие жұмысының тиісті деңгейде жүргізілмеуіне, сондай-ақ жатақханадағы қауіпсіздік пен ішкі тәртіптің талапқа сай қамтамасыз етілмеуіне байланысты әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор және география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы қызметтерінен босатылған.

Сонымен қатар қайғылы жағдай болған күні жатақханада кезекшілікте тұрған жауапты қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.

Университет басшылығы марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, қайғыра көңіл қосатынын жеткізді. Сондай-ақ оқу орны студенттің отбасымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

ҚазҰУ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық студенттік жатақханада кешкі бақылау күшейтілген. Бұдан бөлек, білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларға кәсіби психологиялық қолдау көрсету бағытында қосымша шаралар қолға алынған.

Университет өкілдері тергеу барысында ешқандай ақпаратты жасыруға ниетті емес екенін атап өтті. Оқу орны құқық қорғау органдарымен толық ынтымақтастық орнатып, істің әділ әрі ашық тергелуіне мүдделі екенін жеткізді.

Алайда ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына қатысты өзге мәліметтерді жариялау әзірге мүмкін емес. Университет қоғам мен марқұмның туыстарын оқиғаның барысы туралы қолда бар ақпарат шеңберінде хабардар етіп отыруға уәде берді.

Еске салайық, бұған дейін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде білім алған бірінші курс студентінің қайтыс болғаны хабарланған еді. Оқу орны оқиғаның мән-жайын анықтап жатқан құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсететінін мәлімдеген болатын.

Кейін студенттің өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс аясында күдіктінің ұсталғаны белгілі болды.