Аймақтар

TikTok үшін тротуармен көлік айдаған тараздық 20 жастағы жігіт жауапқа тартылды

Тараз қаласында әлеуметтік желіге ерекше видео түсіруді көздеген 20 жастағы жүргізуші жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол Lada автокөлігімен жаяу жүргіншілерге арналған тротуардың үстімен қозғалған.

Оқиға полиция қызметкерлерінің әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталған. TikTok платформасында жарияланған видеода жеңіл автокөліктің тротуар бойымен жүріп бара жатқаны анық көрінеді.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, тәртіп бұзған азамат Тараз қаласының 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол қауіпті әрекетін өзгелерге көрсету мақсатында бейнежазбаға түсіріп, кейін әлеуметтік желіге жүктеген.

Осылайша, көпшіліктің назарын аударуды көздеген жүргізуші жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндірген. Аталған құқық бұзушылық дерегі бойынша оған әкімшілік шара қолданылды.