Әлем

Пашинян Армения мен ЕО қатынастары ең жоғары деңгейге жеткенін айтты

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Ереван мен Брюссель арасындағы байланыстар айтарлықтай нығайғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар қазір бұрын-соңды болмаған деңгейде жұмыс істеп отыр.

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Армения мен Еуроодақ арасындағы қатынастар соңғы жылдары едәуір өзгергенін айтып, қазір екі жақ байланысы тарихтағы ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді.

Ол биыл наурызда Армения парламенті елдің Еуроодаққа қосылу процесін бастау туралы заң қабылдағанын еске салды. Пашинянның айтуынша, бұл бастама ел азаматтарының Конституцияда көзделген тәртіп бойынша көтерген қоғамдық ұсынысынан шыққан.

«Егер азаматтар 50 мың қол жинаса, олар заң жобасын парламенттің қарауына ұсына алады. Егер парламент оны қабылдамаса, тағы 250 мың қол жинап, мәселені референдумға шығаруға болады», – деді ол Дублин қаласындағы Халықаралық және еуропалық істер институтында сарапшылармен кездесуде.

Пашинян сондай-ақ мамыр айында Ереванда Армения – Еуроодақ алғашқы саммиті өткенін, ал оған дейін тараптар стратегиялық әріптестік жөніндегі құжатқа қол қойғанын атап өтті.

Оның сөзінше, Армения қазір Еуроодақпен визалық режимді ырықтандыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан жалғыз ел болып отыр. «Шынын айтқанда, Еуроодақпен қарым-қатынасымызда өзімізді өте жайлы сезінеміз», – деді ол.

Қазан айында Пашинян француздың RFI телеарнасына берген сұхбатында 2026 жылы Арменияда Еуроодаққа кіру жөнінде референдум өткізу шынайы емес екенін айтқан еді. Оның сөзінше, ел әзірге ЕО мүшелігіне ресми өтініш берген жоқ, бірақ мұндай қадам биліктің мақсаттарының бірі болып қала береді.