Әлем

Израиль АҚШ-қа Трампқа жасалуы мүмкін қастандық туралы ескерткенін хабарлады

Израильдің «Моссад» қызметі ЦРУ-ға Иран тарапынан Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғаларға қауіп төнуі мүмкін екенін ескерткен. Вашингтон қауіпсіздік шараларын күшейткен.

Израильдің барлау қызметі «Моссад» АҚШ-тың Орталық барлау басқармасына (ЦРУ) Иран Дональд Трамп пен оның әкімшілігіндегі жоғары лауазымды тұлғаларға қарсы ықтимал қастандықтар дайындап жатқаны жөнінде дерек берген. Бұл туралы Israel Hayom газеті жоғары лауазымды израильдік және америкалық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Басылым мәліметінше, ақпаратты тексеру америкалық тараптың сұрауымен жүргізілген. Израильдік арнайы қызметтерден алынған деректерді тағы бір батыс барлау қызметі де растағаны айтылады. Сондай-ақ «Моссад» басшысы Роман Гофман Вашингтонға сапары аясында ЦРУ директоры Джон Рэтклиффпен жеке кездескен.

Таратылған барлау мәліметтерінде жарылғыш зат орнатылған дрондар арқылы жасалуы мүмкін шабуыл қаупі сөз болған. Мұндай жағдайда жеке күзеттің стандартты рәсімдері жеткіліксіз болуы мүмкін екені көрсетілген.

Осы ескертулерден кейін Вашингтонда қауіпсіздік шаралары күшейтілді: Дональд Трамптың ашық алаңдардағы сөз сөйлеулеріне шектеу қойылды, ал президент қатысатын іс-шараларда дрондарды анықтап, залалсыздандыратын арнайы жүйелер орналастырылды.

Сонымен бірге қауіп аймағындағы бірқатар лауазымды тұлға жеке резиденциялардан қорғалатын әскери нысандарға көшірілген. Олардың қатарында қаржы министрі Скотт Бессент, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Пентагон басшысы Пит Хегсет аталады.

Кейінірек Дональд Трамп өзі де Иранмен келіссөз жүргізудің қажеті жоқ екенін айтып, «Бізге Иранмен келісімнің керегі жоқ. Ол уақыт әлдеқашан өтті» деген мәлімдеме жасағаны хабарланды.