Елорда

Тоқаев: жемқорлықпен күресте «өзіміздікі» және «бөтен» деген ұғым болмауы керек

Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Соңғы үш жылда елде 3 168 жемқорлық құқықбұзушылығы тіркелген. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, анықталған құқықбұзушылықтардың 2 165-ін мемлекеттік қызметшілер жасаған. Қалған жағдайлар өзге тұлғалардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдерінің қатысуымен болған. Аталған құқықбұзушылықтар бойынша келтірілген залалдың жалпы көлемі 248,2 миллиард теңгеден асады.

Сонымен қатар, биылғы жылдың алғашқы он айында 751 сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығы анықталған. Оның 546-сында мемлекеттік қызметшілер, ал 205-інде басқа тұлғалар, соның ішінде квазимемлекеттік сектор өкілдері жауапты болған.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлық мәселесін жасыруға немесе оның ауқымын төмендетіп көрсетуге болмайтынын атап өтті. Мемлекет бұл бағыттағы проблемаларды қоғамнан жасырмай, қабылданып жатқан және алдағы уақытта жүзеге асырылатын шаралар туралы халықты тұрақты хабардар етіп отыруы қажет екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттеріне қатысты тексерулер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі мен Бас прокуратураның бірлесіп жүргізетінін айтты.

Президенттің сөзінше, заң бұзған адамдарды қызметіне, лауазымына немесе басқа да мәртебесіне қарап бөліп-жаруға жол жоқ. «Өзіміздің адам» немесе «бөтен» деген түсінік болмауы керек. Конституция бойынша барлығы заң мен сот алдында тең және әр азамат осы талапты сақтауға міндетті.