Жаңалықтар

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталған сәті желіде тарады

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстан темір жолы» басшыларының ұсталу сәті түсірілген фото және видеолар әлеуметтік желіде жарияланды.

Кадрлардың бірінде қор басшысы Нұрлан Жақыповтың көк жейдемен пәтер есігінің алдында бірнеше адамның қоршауында тұрғаны көрінеді.

Ал өзге видеода «ҚТЖ» басшысы Елжас Орыншиевті ғимараттан алып шығып бара жатқан сәт бейнеленген.

Бұған дейін Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында белгісіз адамдардың терезеден америкалық долларға ұқсас банкноттар салынған чемоданды лақтырғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Telegram желісіндегі @kozachkow арнасының мәліметінше, бұл оқиға пара алды деген күдікке ілінген жоғары лауазымды тұлғалардың ұсталуымен байланысты болуы мүмкін. Жазбада «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы болжам айтылған.

Кейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті аталған тұлғалардың ұсталғанын ресми түрде растады.

Ведомствоның хабарлауынша, 2026 жылғы 11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Н. Жақыповты, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Е. Отыншиевті және басқа да тұлғаларды ұстаған.

Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді.