«10 адамның өмірін қатерге тіккен ғимарат»: Нью-Йорктегі жағдайдың мән-жайы анықталды
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында құрылыс алаңында қайғылы оқиға болды. Үш қабатты ғимарат кенеттен толық опырылып, салдарынан бір адам көз жұмды. Тағы 10 адам түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Оқиғадан кейін апат орнына құтқару қызметтері мен өрт сөндірушілер жұмылдырылды. Қазіргі уақытта мамандар үйінділерді аршып, ықтимал зардап шеккендерді іздестіріп жатыр.
Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, бір адам оқиға орнында көз жұмған. Зардап шеккендердің төртеуінің жағдайы ауыр деп бағаланса, тағы алтауы жеңіл жарақат алған. Барлығы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілген.
Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдар болуы мүмкін деген болжаммен іздеу-құтқару операциясын жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен ғимараттың опырылуына не түрткі болғаны анықталып жатыр.