414 млн теңге жымқырды: «Қызыл-Жар» футбол клубының бұрынғы президенті іздеуге салынды
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияны мемлекетаралық іздеуге жариялады.
1954 жылғы 18 наурызда туған Қазақстан азаматы бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген. Тергеу мәліметінше, келтірілген залал көлемі 414 миллион теңгеден асады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, 2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінген.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Григорий Лория бас бухгалтермен және басқа да тұлғалармен сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған. Сондай-ақ бюджет қаражатын негізсіз түрде жеке шоттарға аударуды ұйымдастырған деген күдік бар.
Бұдан бөлек, бухгалтерлік және салық есептілігіне әдейі жалған мәліметтер енгізілген болуы мүмкін. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген.
Қаржылық мониторинг агенттігі Григорий Отарұлы Лорияның жүрген жері туралы қандай да бір ақпарат білетін азаматтардан +7 7172 70 84 78 телефоны арқылы хабарласуды сұрайды.