Жаңалықтар

Көлік апатынан 86 көлік жаппай соғылып, 10-нан аса адам қайтыс болды

Болгарияның София мен Бургас қалаларын жалғайтын «Тракия» автомагистралінде қою тұман салдарынан жаппай жол апаты болды. Оқиға кезінде 86 көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Тағы 50 адам ауруханаға жеткізілді.

Жол-көлік оқиғасы 10 қарашада Ямбол қаласының маңында, «Зимница» және «Кабиле» жолайрықтарының арасында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, алғашқы соқтығыс жүк көлігі мен жолаушылар автобусының қатысуымен болған. Кейін апатқа өзге де көліктер, соның ішінде астық тиеген жүк көлігі араласқан.

Болгария Ішкі істер министрлігі бас хатшысының міндетін атқарушы Любомир Николовтың айтуынша, оқиға болған аумақты кенеттен қою тұман басқан. Куәгерлердің сөзінше, көріну қашықтығы бастапқыда 70–80 метр болса, кейін небәрі 10 метрге дейін төмендеген.

Николовтың болжамынша, қарсы бағыттағы екінші жаппай соқтығысқа жүргізушілердің алғашқы апатқа алаңдауы себеп болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Жол апатына байланысты автомагистральдің екі бағытындағы қозғалыс уақытша тоқтатылған.