Аймақтар

Петропавлда 13 жастағы бала жоғалып, пештің ішінен табылды

Петропавл қаласында таңертең үйінен шығып кетіп, хабарсыз кеткен 13 жастағы оқушы бірнеше сағаттан кейін табылды. Белгілі болғандай, бала суықтан қорғану үшін сәндік пештің ішіне кіріп, ұйықтап қалған

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 10 қараша күні сағат 17:30 шамасында Жұмысшы кентінің тұрғыны полицияға хабарласып, ұлының таңертең үйден шығып кеткенін және әлі оралмағанын айтқан.

Жасөспірімді іздеуге патрульдік полиция қызметкерлері мен арнайы жасақ сарбаздары жұмылдырылды. Іздеу жұмыстарына үш дрон тартылып, кенттің жетуі қиын аумақтары мен маңайы тексерілген. Сонымен қатар полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеген.

Петропавл қалалық полиция басқармасы екінші бөлімінің жедел уәкілі Төребек Калелов камералардың бірінен баланы байқап, оның қозғалыс бағытын анықтаған. Осылайша, полицейлер Зайцев көшесінің бойындағы үйлердің бірінің маңына жеткен.

Белгілі болғандай, жасөспірім шамамен сағат 18:30-да үйдің жанындағы сәндік пештің ішіне кіріп кеткен. Ол пешке жылынып аламын деп, сол жерде ұйықтап қалғанын айтқан. Полицейлер баланы сол жерден тауып, аман-есен үйіне жеткізген. Ата-анасы тәртіп сақшыларына алғысын білдірген.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім бұған дейін үйінен өз бетінше кетіп көрмеген. Оның мұндай әрекетке бару себептерін ювеналды полиция қызметкерлері анықтайды. Бала және ата-анасымен профилактикалық әңгіме жүргізілген.