Алматы әуежайындағы қайғылы оқиға: құрылыс жұмыстары кезінде бір адам қаза тапты
Алматы халықаралық әуежайының аумағында құрылыс жұмыстары кезінде қайғылы оқиға тіркелді. Оқиға салдарынан мердігер ұйымның бір қызметкері көз жұмды. Бұл туралы әуежайдың баспасөз қызметі мәлімдеді
Әуежай таратқан ақпаратқа сәйкес, жазатайым оқиға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында болған. Соның салдарынан мердігер компанияның жұмысшысы зардап шеккен.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын уәкілетті мемлекеттік органдар анықтап жатыр. Алматы халықаралық әуежайы тергеу жұмыстарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын хабарлады.
Әуежай өкілдері тергеу аяқталып, оқиғаның барлық себеп-салдары анықталғанға дейін қосымша түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Сонымен қатар марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Еске салайық, бұған дейін Алматы әуежайында адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша Көліктегі полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағаны хабарланған болатын.