Жаңалықтар

Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір аудармаларды жасанды деп бағалады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында қазақ тілінің мәртебесі мен дамуы туралы сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы қазақ тілін Тәуелсіздіктің символы әрі ұлттың жаны деп атады. Сондай-ақ Конституцияда «Тәуелсіздік» пен «Егемендік» сөздерінің бас әріппен жазылуы бұл ұғымдардың маңызын айқындайтынын айтты.

Президенттің сөзінше, биыл бірінші сыныпқа барған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде білім алатын сыныптарды таңдаған. Сонымен қатар колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны артып, мемлекеттік тіл креативті индустрия мен озық технологиялар саласында да кеңінен қолданыла бастаған.

Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір жасанды аудармаларға да тоқталды. Оның пікірінше, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «үнқағаз», «жеделсаты» сияқты сөздердің кейбірі құлаққа тосындау естіледі.

Бұдан бөлек, Президент діни ұғымдарға қатысты көне төл сөздердің орнына араб тілінен енген сөздерді қолдану үрдісіне де назар аударды.

Мемлекет басшысы барлық сөздіктерді, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартуды тапсырды. Сондай-ақ балалардың тілін дамытуға бағытталған IT өнімдер, фильмдер мен ойындар санын көбейтуді міндеттеді.

Тоқаев қазақ тілін басқа тілдерге қарсы қоюға болмайтынын айтып, тіл мәселесін араздық тудыру үшін пайдаланатындарды заң аясында жауапқа тарту қажеттігін ескертті.