«NURORDA» оқушылары халықаралық химия олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды
Астана қаласындағы «NURORDA» мектеп-лицейінің екі оқушысы Өзбекстанда өткен халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан намысын қорғап, алтын және күміс медаль жеңіп алды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Атап айтқанда, 11-сынып оқушысы Абдижан Ибраимов алтын медаль иеленсе, 10-сынып оқушысы Гаухар Нұрлан күміс жүлдегер атанды.
Әбу Райхан әл-Бируни атындағы III халықаралық химия олимпиадасы (Abu Rayhan Biruni International Chemistry Olympiad – ARBIChO) 2026 жылғы 3–10 қараша аралығында Өзбекстанның Нүкіс қаласында ұйымдастырылды. Білім сайысына әлемнің 32 елінен келген оқушылар қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Коста-Рика, Сауд Арабиясы, Израиль, Моңғолия, Таиланд, Малайзия, Тәжікстан және Катар елдерінің өкілдері болды.
Олимпиаданың негізгі мақсаты – қатысушылардың химия пәні бойынша теориялық білімін және практикалық қабілетін бағалау. Зияткерлік дода екі кезеңнен тұрды: теориялық және эксперименттік. Қатысушылар күрделі химиялық есептерді шығарып, ғылыми заңдылықтарды түсіну мен зертханалық тәжірибелерді орындау бойынша бақ сынады.
Осылайша, «NURORDA» оқушылары халықаралық деңгейдегі білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына екі медаль салды.